Спорт Қазақстан
$444.14 €477.05 ₽4.85
×

Бас мүфти: Мал сатушы адам да шалынған құрбандықтың сауабына серік бола алады

AstanaTV
28.06.2023ж. 12:29
999
Бас мүфти: Мал сатушы адам да шалынған құрбандықтың сауабына серік бола алады

Құрбан айт қарсаңында Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Jibek Joly телеарнасының «Еркін сұхбат» студиясына сұхбат берген болатын. Игі мұсылманның ұлық мейрамына орай сұхбаттың ықшамдалған нұсқасын ҚазАқпарат  ұсынды.

Марал Ишан Кенесары ханның кеңесшісі болған

- Мүфти мырза, Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әйгілі Марал Ишанның Кенесары ханға тарту еткен Құран кітабы табылғанын жария етті. Бұл Құран туралы қаншалықты хабардарсыз? Асыл дүние қайда сақталады және қарапайым халық оны көріп, көзайым бола ала ма?

- Біз де бұл хабарды құрылтайда отырып естіген кезде ерекше қуанып, орнымыздан тұрып кеттік. Өйткені бұл бабамыз Кенесарының, кезінде елін қорғаған, жерін қорғаған батыр бабаларымыздың қасиетті Құран кітабының елге оралуы біз үшін ерекше қуаныш. Марал Ишан бабамыз Кенесары ханның діни кеңесшісі болғанын білеміз.

Қасым-Жомарт Кемелұлы ол кітаптың Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына берілетінін айтты. Біз ол кітапты алғаннан кейін Әзірет Сұлтан мұражайына табыстаймыз деген ниетіміз бар. Себебі ол қасиетті кітапты сонда барған халық көруі керек деп ойладық.

- Ендігі әңгімемізді діни ахуалға бағыттасақ, қазір көптеген діни ұстаздар дін мен психологияны байланыстырып дәріс беріп жүр. Бұл қаншалықты дұрыс?

- Біздің өмір сүріп жатқан заманымыз ақпараттың ашық уақыты ғой. Кез келген адам қолындағы смартфонмен әлеуметтік желі арқылы қандай ақпарат жариялаймын десе де, өз еркі. Дегенмен, әр істің, әр мамандықтың өзіне сай жауапкершілігі бар. Мысалы, дінге келсек, ол – Алланың аманаты. Кез келген азамат дін жөнінде сөйлегісі келсе, айтар сөзінің дінде толыққанды айтылғанына нақты көз жеткізу керек. Ертең ол біліп немесе білмей қателессе, дүйім жұртты қатеге бастап қоюы мүмкін. Сондықтан дін мәселесінде сөйлеп жүрген азаматтар осы жағын байқаса дегім келеді.

Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) ғалым, ғұламалар пайғамбарлардың ізбасары екенін айтқан. Олар ізінен динар, дихрам емес, ілім-білім тастайтыны айтылған. Яғни, біз діннің аманатын, дін насихатын, діннің бізге бұйырған істерін, тыйған тыйымдарын ғалымдардан алғанымыз жөн. Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде айтады: «Білмейтіндерің болса, білім, ғылым иелерінен сұраңдар», - дейді.

Қазіргі таңда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы осы бағытта жұмыс істеп жатыр. Елімізде 3 мыңға жуық мешіт бар, медреселеріміз бар. Нұр-Мүбәрак атты жоғары білім ордамыз бар, қарилар дайындайтын орталықтарымыз бар, қайырымдылық мекемелеріміз бар. Осы орындардың бәрінде діни ілімді, насихатты жүргізіп отырмыз. Сондай-ақ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Munara.tv дейтін төл телеарнасы, muftyat.kz дейтін сайты бар. Көптеген өңірде біздің арнайы сайттарымыз істеп тұр. Сол себепті халқымыз діни уағыздарды тек дін мамандарынан тыңдаса деп айтар едік. Осы эфирді пайдаланып та соны айтқым келеді. Қазақ «Шымшық сойса да, қасапшы сойсын», - дейді. Өткен жылдары әлемді індет жайлаған кезде әркім әрнені айтып, соңынан елді дүрліктіріп, халықты адастырып жатты. Сол кезде де біз шариғатқа сүйеніп, арнайы дәрігерлерге, сол саланың кәсіби мамандарына құлақ асу керектігін айтқан болатынбыз. Сол сияқты дінде де саланың мамандарын тыңдап, солардан ақпарат алсақ, адаспаймыз.

- Дінмен байланысты сұрағы бар адам кәсіби маманнан кеңес алу үшін кімге хабарласу керек?

- Біз Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына хабарласудың мүмкіндіктерін барынша жан-жақты етіп қойдық. Ресми сайттарымызға сұрақ жолдау арқылы мәлімет алуға болады. Сондай-ақ, call-орталығымыз бар. Сол орталықтың нөмірлеріне екі тілде, 24 сағат бойы тегін хабарласуға болады. Кез келген мешітке барып немесе мешіт телефонына хабарласу арқылы тікелей кеңес алуға болады.

- Дін үйренеміз деген отандастарымызға мешіт, медреселерге барып оқу міндет пе, әлде қазіргідей уақыт тапшы заманда онлайн курстан оқу жеткілікті бола ма?

- Қазіргі таңда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты университетіміз, медреселеріміз бар. Бұл жүйеде қашықтан оқу мүмкіндігі жасалмаған. Өйткені шариғат ілімі – аманат. Дін ілімін шәкірт ұстаз алдына барып, медреселерге немесе мешітке барып, арнайы үйренгені абзал. Ал жекелеген сұрақтар бойынша, кейбір түсінбей қалған мәселелерді, әрине, қашықтан сұрақ қойып, жауабын алуға болады.

Орамал таққан қыз-келіншектерге құрметпен қарауымыз керек

- Қазір мешіт құрылысына, медресе салуға, өзге де қайырымдылық шараларға садақа беруге үндейтін жарнамалар толып жүр. Жалпы жұрттың беріп жатқан садақасы діттеген жеріне жетіп жатыр ма?

- Садақаның өзі қасиетті түсінік, сауабы үлкен амал. Бес парыздың бірі зекет екенін жақсы білесіздер. Жағдайы келген, дүниесінің нысабы толған азаматтарға жылына бір рет зекет беру – Алла бұйырған парыз. Жалпақ тілмен айтқанда, бай кісілердің мұқтаж жандарға зекет беруі парыз. Зекеттен бөлек те садақалар бар. Зекет нысабына мал-дүниесі жетпесе де, кез келген адам мұқтаж жандарға көмек бере алады.

Ал садақа жинаушы адам үлкен аманатты мойнына алады. Шариғатта садақа аманат иесіне толық тапсырылуы керектігі айтылған. Яғни, бір кісі мұқтаж жанға көмектессе, ортада дәнекер болған адам сеніп тапсырылған көмекті мұқтаж жанға толық көлемде жеткізу керек.

Әлеуметтік желіде уағыз айтып, садақаның сауабын айту арқылы садақалар жиналып жататынын білеміз. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты «Зекет және қайырымдылық» қоры бар. Ол жердің қамқоршылары бар. Түскен табысты қарап, оның қайда жұмсалғанын тексеретін үлкен комиссия жұмыс істейді. Түскен қаражат түгел шариғат бекіткен 8 бағытқа жұмсалады. Сол сияқты бізде «Уақып» қайырымдылық қоры бар. Берілген аманат иелеріне толықтай табысталады.

Өкінішке қарай, біз де әр түрлі жағдайларды естіп жатамыз. Сондықтан сенімді жерге, белгілі адамдар арқылы көмектескеніміз абзал. Еліміздегі ислам дінінің ресми бірлестігі Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы екені белгілі. Сондықтан шариғат аясындағы, ислам дініне сай дүниелерді, сауапты істерді мүфтият арқылы, жер-жердегі мешіттер арқылы іске асырса, нұр үстіне нұр болады. Өйткені кей кезде, өкінішке қарай, ислам дінін жамылып, теріс ағым сияқты түрлі бағытқа жұмсап жатқандар да кездеседі. Кезінде сырттағы діни ағымдарды қаржыландырды деген айыппен сотталған кісілер де болды. Сондықтан садақаның өзін мақсаты айқын емес адамдар арқылы беріп, қаталесіп қалудан сақтануымыз керек.

- Қазір дінге бет бұрып, намазға келген, хиджап киген өнер адамдары, ақындар, қоғам белсенділері арнайы діни білімі болмаса да блогер болып, әлеуметтік желі арқылы көп елге ақыл айтып жүр. Тіпті дәстүрлі дінге жат пәтуалар, тұжырымдар да айтылып қалып жатады. Осыған бір бақылау бар ма? Арнайы ұйымдар қадағалай ма?

- Жалпы пәтуа беру – жауапкершілігі өте жоғары дүние. Сондықтан пәтуа беруде адам өте сақ болу керек. Кез келген адамның әлеуметтік желіге шығып, «мынау болады», «мынау болмайды» деп сөйлеуі өте қиын мәселе. Әрине, діндар адамдар кітапқа сүйенеді. «Екі молда таласса, дауды кітап шешеді», - деген керемет сөз бар қазақта. Яғни, пәтуа шариғи негізде берілу керек. Ислам дініндегі сұраққа жауап беруші кез келген адам Құранмен, немесе пайғамбар аятымен, ғалымдардың берген пәтуасы арқылы жауап беру керек. Ондай сілтемелерді білмесе, есінде сақтағаны арқылы пәтуа айтудан сақ болғаны керек. Есте сақтаған дүниенің бір жері ұмытылып қалса, келесі жері бұрмаланып кетуі мүмкін.

Сіз хиджап деп қалдыңыз, бұның қазақшасы орамал ғой. Біз әйел баласының бас киімін орамал деп айтамыз. Қазақ халқында келін түскенде басына орамал салатын салты бар. Осы орамалға қатысты айтсақ, мұсылман дінінде әйел баласының орамалмен жүруі шарттардың бірі. Сондықтан орамал таққан кез келген қызды сыйлаймыз, қадірлейміз. Кейбір орамал киген қыздардың қателігін бүкіл орамал киген қауымға жабуға болмайды. Аналарымыз әрқашан орамалын басынан тастамаған. Қазір де ондай аналар жетерлік. Орамал туралы айтқан кезде осы жағын ескеру керек деп ойлаймын.

- Қазақ қоғамында ас беру, зират көтеру, науқан өткеру сияқты діни жоралғыларды орындаудың өзінде бәсекелестік бар секілді. Осы мәселеге қатысты қандай пәтуалар бар?

- Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бұл бағытта бірнеше құжат қабылдады. Республикалық имамдар форумында ас беру мәдениетінің құжаты, зират және зиярат құжаты қабылданды. Ас беру мәдениетіне келсек, қазір көптеген өңірде ас мәзіріне санаулы ғана, әсіресе, ұлттық тағамдар қойылып жүр.

Зират және зиярат мәдениеті құжатында діни зиярат жасаудың, бабалардың басында өтетін шаралардың тәртібі бекітілді. Мұның бәрі дінге жат ишаралар жасалмауы үшін маңызды.

Адам қайтыс болғаннан кейін құлпытас қою, зиратын көтеру бағытында да үлкен жобаны іске асырдық. Бірнеше өңірде қолға алынды. Жақсы көрсеткіштер бар. Біз қолымыздан келген зиярат мәдениеті бар мұсылман елдердің озық тәжірибелерін ескеріп отырмыз. Бәрі біркелкі, тек аты-жөні ғана жазылатын құлпытас қойылған, маңайы көгалдандырылған зираттар бар. Осы бағытта «Қамқор-Шарапат» салт қызметін аштық. Осы орталық қазір қайтыс болған кісілерге қызмет ұсынады. «Адам жерлеуге арнайы бөлінген аумақтың жеріне мынандай міндеттемелер бойынша ғана адам жерлеуге болады. Қосымша құрылыс орнатуға болмайды» дейтін талап қойып отырмыз. Осы шартқа көнген адамдар біз белгілеген жерге марқұмдарды жерлей бастады. Ондайлардың саны көп. Мұның бәрі – үлкен мәдениет. Елдің бәрі осылай істеп жатыр деп айта алмаймыз. Дегенмен көпшіліктің назары ауып отыр.

Биыл 4000 қазақстандық қажы атанады

- Құрбан айт кезінде мал бағасының аспандап шыға келетіні немен байланысты?

- Құрбан айт – мұсылманның ең ұлық мерекесі. Бізге Алла тағала екі ұлық мереке берді. Оның бірі – Құрбан айт, екіншісі – Ораза айт. Бүкіл жұртымызды, жамағатымызды осы ұлық мерекемен өз атымнан, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының атынан, бүкіл имамдар атынан шын жүректен құттықтаймын. Еліміздің айттан айтқа аман жете беруін нәсіп етсін.

Құрбандық – бұл мереке. Бұл күні адам жақсы көңіл күйде жүру керек. Құрбан малын шалу – адамдардың көңіліне қуаныш ұялатудың бір түрі. Қазір елдің бәрі керемет берекетті өмір сүріп жүрген жоқ. Біреудің қолы жеткен етке біреудің қолы жетпей жүруі мүмкін. Осындай адамдарға шалған құрбандығының бір бөлігін беру арқылы мұқтаж жанды қуантуға болады. Бұл жерде құрбандық берген адам да, оны алған адам да қуанады. Сондықтан бұл қуаныш сыйлайтын, қуанышқа кенелетін кез. Біз осыны сезе білуіміз керек.

Құрбан айт күні малды сатушы адам да алушыға қиындық жасамай, барынша қолдау білдірсе, оның берекесі болады. Сондықтан құрбандық кезінде мал саудасында жүрген адамдарға барынша сауап алып қалуға тырысыңыздар деп айтар едім. Сатушы адам да шалынған құрбандықтың сауабына серік бола алады. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы осы жылды Ислам және ізгі қоғам жылы деп жариялады. Сондықтан бәріміз өзімізді ізгілікке тәрбиелесек дер едім. Мал сатушы адам, малды сатып алушы адам, құрбан шалушы адам, құрбандыққа етін беретін адам, тіпті етті құрбандықтан алатын адамдар да ізгілікті ұстанса жөн.

-Биыл елімізден қанша адам қажылыққа барғалы отыр?

- Биыл, 4000 отандасымыз қажылық сапарға аттанды. Өзім де, Алла қаласа, қажылыққа баруға ниет қылып отырмын. 18 туристік фирма осы іспен айналысып жатыр. Осы 4000 отандасымыздың қажылыққа аман барып, аман оралуын нәсіп етсін!

- Емен-жарқын сұхбат бергеніңізге рахмет. Қажылық сапарыңыз сәтті болсын!