Қарағандыда Қылмыстық атқару жүйесі мекемесінің қызметкері кәмпитке қақалып қалған жазасын өтеушіні құтқарып қалды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақпараттық медиа-порталдың жазуынша, оқиға 27 маусымда болған.
Қарағанды облысы және Ұлытау облысы бойынша ҚАЖД-ға қарасты №29 мекеме жасақтарының бірінде тәрбие жұмысын жүргізуге арналған бөлмеде сотталған ер адамның тамағына кәмпит тұрып қалған. Салдарынан оның тыныс алу жолдары бітеліп, механикалық асфиксия болған. Оның тұншығып, есін жоғалта бастағанын жанындағылар байқамаған. Алайда колония қызметкері Азамат Мергенгожин байқап қалып, бірден көмекке келіп, сотталушыға алғашқы медициналық көмек көрсеткен.
Осылайша, ер адам аман қалған. Ақпараттық медиа-порталдың мәліметінше, қазіргі таңда сотталған азаматтың денсаулығы бірқалыпты.