Спорт Қазақстан
$441.66 €475.14 ₽4.86
×

"Жеті адамнан аспауы керек": Имам бірігіп құрбандық шалу кезінде халықтың қандай қателік жіберетінін айтты

AstanaTV
29.06.2023ж. 18:55
610
"Жеті адамнан аспауы керек": Имам бірігіп құрбандық шалу кезінде халықтың қандай қателік жіберетінін айтты

Биыл 28 маусымда Құрбан айт басталды. Мұсылмандардың ең ұлық мейрамдарының біріне қатысты жұртты толғандырған сауалдарға Алматы қаласы Таугүл мешітінің бас имамы – Ернар Мәжен жауап берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат порталы.

Дін өкілінің айтуынша, түйе, сиыр, ешкі және қойды құрбандыққа шалуға болады. Таңдалған мал семіз әрі он екі мүшесі сау екендігі маңызды. Ал жылқыны шалуға шариғат рұқсат бермеген. Сонымен қатар бірнеше адам қосылып, құрбандыққа мал шалудың өзіндік ережелері бар.

"Ірі қара малына келетін болсақ, түйе және сиырды жеті адамға дейін бірігіп құрбандық шала алады. Бірақ сол жетеуі де құрбан шалу ниетінде болу керек. Мысалы, жеті адамның алтауы құрбан шаламын деп ниеттеніп тұр, бірақ жетіншісі: "Маған ет керек, ет алу үшін" десе, ол болмайды. Сондықтан да жетеуінің де ниеті құрбан шалу мақсатында болу керек. Былайша айтқанда, максимум жеті адам бірігіп құрбан шала алады. Одан төмен алты адам, бес адам, үш адам, тіпті екі адам да бір ірі қараны бірігіп құрбан шалса болады. Бірақ жетеуден аспау керек, сегізінші адам болмайды. Ал енді ұсақ малға келетін болсақ, ешкі немесе қойды тек бір ғана адамның шалуына болады", – деді имам.

Құрбан айт қарсаңында мал бағасы қымбаттап, базардағы саудагерлер төрт түліктің құнын шектен тыс шарықтататыны жасырын емес. Қасиетті мейрамда саудаласуға бола ма? Мешіт имамы дәл осы тақырыпқа қатысты жауап берді.

"Кейде өкінішке орай, малмен айналысатын кісілер осы құрбан айтты пайдаланып, әдеттегі бағадан қымбатырақ сатқысы келеді. Оларды да түсінуге болады. Бірақ алушы кісі де саудаласатын болса, сатушыны ренжітпейтіндей, қинамайтындай дәрежеде түсіріп алатын болса, онда бір әбестік жоқ. Сондықтан саудаласуда тұрған ештеңе жоқ. "Жоқ, мен Алла үшін ниет еттім, сатып жатқан бағаға аламын" дейтін болса, ол енді азаматтың немесе бауырымыздың мәрттігі. Әрине, шектен тыс бағаны шарықтату әдетке, ынсапқа жатпайды. Өкінішке орай, нарықта сұраныс бар жерде баға да өседі деген секілді, ол тек қана малда ғана емес. Мысалы, көлік тапшы болған кезде көліктің бағасы қымбаттады, үй бағасы мен қант тапшы болған кезде де баға қымбаттайды. Сол сияқты жаппай құрбандыққа мал алғаннан кейін “өтіп тұрған кезде неге қымбаттатпасқа?” деп ойлайтын бауырларымыз бар. Бірақ "жоқ, бұл – Алла Тағаланың қасиетті мерекесі. Мен бұл жерде ынсаптан, әдептен, ұяттан аспайын, сол басқа қалыпты уақыттағы өтіп жатқан бағаға қойып, сол бағаға сатамын" дейтін болса, әрине, ол сол мал сатушының иманының күштілігі, адамгершілігінің жоғары екендігін көрсетеді", – дейді Ернар Мәжен.