Негізгі / Жаңалықтар / Қазақстан төмен байытылған уранның жалғыз тасымалдаушысы болуы мүмкін

Қазақстан төмен байытылған уранның жалғыз тасымалдаушысы болуы мүмкін

Төмен байытылған уран Үлбі зауытында еуропалық стандарттарға сай сақталмақ. Ал зауытқа ядролық отынды жалғыз тасымалдаушы - Қазақстан болуы мүмкін. Бұл туралы энергетика вице-министрі Бақытжан Жақсалиев мәлімдеді. Вице-министрдің сөзінше, "Қазақстан үкіметі мен МАГАТЭ келісімі бойынша" Өскемендегі Үлбі металлургиялық зауытында 90 тонна шикізат сақталады. Ол қол сұғылмайтын қор ретінде есептеледі. Тек уран нарығында дағдарыс туған кезде ғана пайдаланылады.

Бақытжан Жақсалиев, ҚР Энергетика вице-министрі:

Төмен байытылған уран қорын Үлбі зауытында сақтау үшін арнайы байқау болады. Соның нәтижесінде зауытқа бір ғана ядролық отын тасымалдаушы белгілі болады. Шикізатты жеткізуші Қазақстанның өзі болуы да мүмкін.

Үлбі мелаллургиялық зауытының өткізу бойынша директоры Александр Ходановтың айтуынша, мұндай көлемдегі шикізатты сақтау зауытқа еш қиындық туғызбайды. Оның сөзінше, төмен байытылған уран банкі бөлек ғимаратта орналасады. Қойманы салу екі ай бұрын басталып кеткен. Құрылыс жұмыстары келесі жылдың мамыр айында аяқталады деп жоспарланып отыр.  

Александр Ходанов, «Үлбі металлургиялық зауыты» АҚ өткізу бойынша директоры:

Ресей кәсіпорындарына шикізат шығарғанда бірнеше жыл тапсырыстар болған. Бір мезетте қоймада 200 тоннадан аса уран сақталған. Қазіргі уақытта 40 тоннаның көлемінде ядролық отын сақтап отырмыз. Бұған қосымша тағы 90 тонна жеткізілейін деп отыр. Болашақта зауытқа қайта өңдеуге жылына 200 тонна шикізат келетін болады.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан үкіметі мен Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік 2015 жылы келісімшартқа қол қойған болатын. Онда «Үлбі металлургиялық зауытында» МАГАТЭ-ның төмен байытылған уран банкін орналастыру келісілген. Аталған шараға АҚШ 49 миллион, Еуроодақ - 25 миллион, барлығы 150 миллион доллар бөлінген. Ал Қазақстан аталған жобаға жылына 10-12 мың доллар бөліп отырады.

Саламат ОМАШ