Спорт Қазақстан
$443.37 €474.49 ₽4.83
×

Чипстер қатерлі ісік тудыратыны рас па?

AstanaTV
30.06.2023ж. 23:19
698
Чипстер қатерлі ісік тудыратыны рас па?

Әлеуметтік желілерде чипстер зиян екені, олардың қатерлі ісік ауруын тудыратыны жайлы айтқан емші Мария Смаринаның видеосы тарады. Ол өз видеосында чипстердің құрамының бір бөлігін оқиды, бірақ ДНҚ бұзылуына және қатерлі ісік пайда болуына нақты қандай өнім немесе қоспа түрткі болатынын айтпайды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі stopfake.kz-ке сілтеме жасап.

Чипстер - көпшілік жақсы көретін тағам. Олардың құрамы өндірушіге байланысты өзгереді, әдетте мынадай өнімдер мен заттардан тұрады: картоп, бидай немесе күріш ұны, картоп немесе жүгері крахмалы, өсімдік майы, тұз, сүт қышқылы, хош иістендіргіштер мен дәмдік қоспалар (мысалы, паприка ұнтағы, пияз және т. б.), сондай-ақ, Е621 натрий глутаматы, E627 натрий гуанилаты және E631 натрий инозинаты сияқты қоспалар.

Кейбір ғалымдар картоп пен жарма мен кофе дәндері сияқты басқа да тағамдар қатерлі ісік ауруын тудыруы мүмкін деп санайды. Ауру тағамның өзінен емес, оны әзірлеу процесінде пайда болатын акриламид затынан болады. 

Акриламид - өсімдік тектес тағамдарда қант пен аспарагин аминқышқылы арасындағы табиғи химиялық реакция нәтижесінде түзілетін зат. Акриламид фри, чипстер, құрғақ таңғы ас, печенье, тосттарда және кофеде болады.

Жануарларға жүргізілген тәжірибелерде акриламид қатерлі ісіктің дамуына түрткі болды. Алайда қолданылған акриламид деңгейі оның адамдар тағамындағы деңгейден әлдеқайда жоғары болды. Сондай-ақ, адамдар жүргізген зерттеулерде акриламид пен қатерлі ісік арасындағы байланыс анықталған жоқ. Яғни, қазір акриламидтің канцероген екендігіне нақты дәлелдер жоқ.

Дегенмен Халықаралық қатерлі ісіктерді зерттеу агенттігі (IARC) акриламидті адам үшін ықтимал канцероген ретінде жіктейді. Ал АҚШ-тың Азық-түлік және дәрі-дәрмек сапасын қадағалау басқармасы (FDA) және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) осы салада зерттеулер жүргізу қажеттілігін мойындайды.

Чипстердің құрамына белгілі өнімдер мен E621 натрий глутаматы, E627 натрий гуанилаты және E631 натрий инозинаты сияқты тағамдық қоспалар кіреді. Көбіне олардың барлығы өнімнің дәмін жақсарту үшін қосылады. Сонымен қатар, натрий глутаматы көптеген тағамдарда табиғи түрде болады және ағзада өздігінен қалыптасады.

Бұл тағамдық қоспалардың барлығы қауіпсіз. Сонымен қатар, натрий глутаматы мен натрий гуанилатының адам денсаулығына әсерін анықтайтын зерттеулер жүргізілді. Оның ішінде тәбетке, семіздікке және метаболизмнің бұзылуына, мидың жұмысына және қатерлі ісіктің пайда болуына әсері зерделенді. Нәтижесінде зерттеушілер тағамдық қоспалар мен адам денсаулығының нашарлауы арасында ешқандай байланыс таппады.

Демек, чипстер қатерлі ісік ауруын тудырады деген пікір дәлелсіз. Себебі азық-түлік құрамындағы акриламидтің канцероген екенін дәлелдейтін зерттеулер жоқ. Тағамдық қоспалар да ДНҚ-ның бұзылуына және қатерлі ісіктің пайда болуына әкелмейді.