Спорт Қазақстан
$439.43 €473.31 ₽4.82
×

Қордай ауданында қос бірдей елді мекен халқын газ жүргізумен айналысатын компания алдап кеткен

AstanaTV
19.10.2016ж. 20:00
5035
Қордай ауданында қос бірдей елді мекен халқын газ жүргізумен айналысатын компания алдап кеткен

Жамбылда көгілдір отынға жарымаған ауыл тұрғындары шу шығарды. Қордай ауданындағы қос бірдей елді мекен халқы газ жүргізумен айналысатын компания сан соқтырып кетті деп отыр. Айтуларынша, бір жыл бұрын «Қордай ГазИнвест» серіктестігі  70 отбасыдан газ тартамыз деп ақша жинаған. Қаржыларын қайтара алмаған тұрғындар ақпарат құралдарына арыздарын айтты. Данияр Әлімқұл тақырыпты толықтырады.

Тауда отырғасын, жуық арада газ кіреді деп ойлағанымыз жоқ. Аудан басшылары сөйтіп алып келгеннен кейін біз сендік.

Бұл - көгілдір отын кіргізуді бір жарым жылдан бері арман еткен ауылдық тұрғындар.  Бұқараның айтуынша, бұған дейін Үлкен Сұлутөр  ауылының халқы мен аудан басшысы арнайы жиын өткізіпті. Онда атқамінер газ жүргізетін компанияны таныстырған. Әкімнің сөзі өтсе керек, мердігерге 70 түтін тірнектеп жүріп төлем жасайды.

Қырықбай Мұсаев, Үлкен Сұлутөр ауылының тұрғыны:

«Қордай газинвест» мекемесінің есеп бөлімі бар. Сол жерге барып, келісімшартқа отырып, сол жерге төлеп, бәрінің қолында келісімшарты бар. Төлеген ақшаның чек, түбіртегі бар.

42 отбасы 250 мың теңгеден жинап берсе, 28 түтін тек осы сомманың 10 пайызын санап берген.

Күлпән Қоңырбаева, Үлкен Сұлутөр ауылының тұрғыны:

Осы газ орнайды дегеннен кейін, балаларға бой бермей, кредит алып, кәрі басымызбен төледік. Бұған мен 400 мың теңге төледім. Газы да түгі де жоқ.

Шарипа Толысбаева, Үлкен Сұлутөр ауылының тұрғыны:

Ауыл ақсақалдары Гумаровтың алдынан өткен екен. Не қыласың, газ жүре ме, ақшамызды қайтарасың ба деп. Не қылсаңыздар о қылыңыздар, сотқа барамын десеңдер, сотқа барыңдар деп, қайтарып шығарып салды.

Жұрт жанайқайын жеткізбек болып «Қордай ГазИнвест» серіктестігіне барды. Басшысы ақшаны қайтарамын деп отыр. Бірақ тау етегіндегі елді мекенге газ тарту оңай шаруа емес екенін айтады.

Арман Құмаров, «Қордайгазинвест» ЖШС бас директоры:

Ауыл болып бізге газ керек емес деп айтсын. Оларға айттым, сіздер маған емес, сотқа барып, сот арқылы маған шешім шығу керек. Сол шықса, мен әкімге алып барып айтамын, мына ауыл газ тартқысы келмейді деп.

Үлкен Сұлутөр және Кіші Сұлутөр ауылдарынан бөлек, тағы 13 ауыл осы компанияға ақша жинап берген.

Дамир Жаманбаев, Қордай ауданы әкімдігі сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы:

Кедергі жасап, кешігуІне келетін болсақ, былтыр материалдар қымбаттады ғой. Материалдар қымбаттағанына байланысты кішкене кешігу болды. Өйткені біраз құрал-жабдықтар сырттан әкелінетін болғандықтан. Жұмыс жобасын мен көрдім, келісімімді бергем. Бұл жерде кінәлі деп айта алмаймын. 

Ал газ тартуды мойнына алған мердігер компания тұрғындардан 2 жыл уақыт сұрап отыр. 

Данияр ӘЛІМҚҰЛ