Спорт Қазақстан
$448.56 €478.03 ₽4.79
×

Қазанда жауған қардың әлегі

AstanaTV
19.10.2016ж. 20:00
3173
Қазанда жауған қардың әлегі

Биыл коммуналдық қызмет өкілдерінің жұмысы ерте басталды. Қазанда қар жауып, көлік дөңгелегін ауыстыратын орындарда ұзынсонар кезектер пайда болды. Астанада бір күнде 100-150 көлікке қызмет көрсетуге тура келіп тұр. Кей өңірлерде көктайғақтан мертіккендер де бар.

Әсемгүл Мұхитқызы, тілші:

Синоптиктердің мәліметінше, Павлодарда бір түннің ішінде 6 мм қар түскен. Мұндай мөлшердегі қар былтыр қарашаның ортасында жауған еді дейді олар. Қазір Павлодардың әр жерінде қар тазалау жұмыстары қарқын алған.

Облыс орталығын қардан тазалау шаралары кеше кешкісін басталып, таңға дейін жалғасыпты. Байқағанымыздай, жұмыс әлі де қызу. Бұл шаруаға кешелі-бері 93 техника жұмылдырылған.

Қардың арты көктайғаққа әкелді. Салдарынан мертіккендер қарасы қалың. Қалалық №1 ауруханасына 38 адам түрлі жарақатпен келіпті. Оның үшеуінің жағдайы ауыр,- дейді дәрігерлер.  

Қанат Асылханов, травматолог-дәрігер:

Біреуінің жамбас сүйегі сынса, екіншісінің қабырғасы бірнеше жерден сынған. Хирургтердің ота жасауына тура келді. Басты себеп көктайғақ болып отыр. 

Ал, Өскеменде қатты нөсер жауып, артынша қатты жел тұрған. Ресми мәліметтерге сенсек, кей жерлерде оның ұйтқуы секундына 20 метрге жеткен. Ағаштар тамырымен опырылып, жел баннерлер мен спутниктік антенналарды құлатты. Көлігі зақымданған тұрғындар ПИК жұмысына наразы.

Анатолий Птухов, Өскемен қаласының тұрғыны:

Ағаштың құлауынан көлігімнің сол терезесі сынып, есіктері, төбесі мен алдыңғы жағы майысып қалды. Біз бірнеше мәрте ПИК-ке хабарласып, айтқан едік. Алайда, олар түк істемеді. Ана жерде балалар алаңқайы бар. Онда да кез келген уақытта құлағалы тұрған қураған ағаштар көп. 

Бүгін Қызылжарда көктайғақтан 4 жол көлік апаты тіркелді. Көлік жүргізушілері жаппай дөңгелектерін ауыстыруға кіріскен. Жөндеу бекеттерінде ұзын-сонар кезек қалыптасқандықтан, мұндағы жұмыс күшейтілген кестеге көшіпті.

Виктор Быков:

Кезек қысқарар емес. Екі көлік кетсе, тағы екеуі оның орнын басады. Түңгі сағат 1-ге дейін жұмыс істеуге тура келеді. Мұндай қарбалас әлі кемінде екі аптаға жалғасады.

Астанада да дәл осындай жағдай. Шағын дөңгелек монтаждау орындарының бірі таңертеңнен түске дейін қырыққа жуық көліктің дөңгелегін ауыстырыпты. Қызмет құны бұрынғыдай болғанмен, қысқы дөңгелектер едеуір қымбаттаған, - дейді жүргізушілер.

Жанәлі Белгібеков, жүргізуші:

Кезек көп екен. Енді қысқа өз қауіпсіздігіміз үшін айырбастап жатырмын. Дөңгелектер қымбаттапты 15-ке 15 мыңнан. Сол қысқа дайындалып, 4 дөңгелекті 4 мыңға айырбастайды. 4 дөңгелек 4 мың теңге. Қазір сезон ғой, солай болады.

Шымкенттіктер қыстың ерте келуіне байланысты жылу маусымын әдеттегіден ерте бастап кетті. Қаладағы бюджеттік ұйымдарға қуатты қазандықтардан жылу берілген. Ал көп қабатты тұрғын үйлерге жылу ертеңнен бастап қосылмақ. 

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ