$498.34 €519.72 ₽4.85
×

ЮНЕСКО өкілдері Талхиздің талқандалмауын талап етті

AstanaTV
20.10.2016ж. 20:00
4497
ЮНЕСКО өкілдері Талхиздің талқандалмауын талап етті

Тарихи шаһар Талхиз жойылмауы мүмкін. Әлем тарихының құнды мұрасы ретінде тізімге енген көне қаланың  тағдырына енді ЮНЕСКО өкілдері араласпақ. Олар Сыртқы істер министрлігіне дипломатиялық хат жолдады.  Сонымен қойнауы тарихқа толы қала сүріле ме? Айгүл Ермахан бұл жерде құрылыс қарқынды жүріп жатқанын көріп келді.

Даудың басы ЮНЕСКО-ға жетті. Ұйым өкілдері жуырда ел сыртқы істер министрлігіне дипломатиялық хат жолдады. Маңызды құжатта тарихи қала маңындағы жол құрылысы туралы ақпарат жан-жақты сұралған.

Әнуар Жайнақов, ҚР Сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметінің жетекшісі:

Біз ЮНЕСКО-ның хатын алдық. Қазір Мәдениет және спорт министрлігіне жібердік. Қазан айының аяғына дейін бір жауап берілетін болады.

Ал тарихи қалада құрылыс жазда басталды. Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан көне қаланың үстіне жол салынып жатыр. Ол Алматы мен Ақбұлақ спорт кешенінің арасын жалғайтын көлік дәлізі дәл осы жерден өтеді. Әкімдіктегілер жол құрылысын қысқы универсиадаға дейін аяқтамақ.

Шавхат Сағидинов, Талғар аудандық жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің басшысы:

Қазархеологияның шешімі бар. Тағы 2 метр қазып көрді. Ешқандай қаланың ізі табылған жоқ. Сондықтан жол құрылысы басталды.

Жәдігер үстінен жол салдыңдар деп сол кезде тарихшылар мен археологтар шу шығарды. Тарихшы Арнабай Әбішұлы бұл жерде алғаш рет 1975 жылы қазба жұмыстарына қатысқан. Содан бері зерттеп келе жатқан ежелгі Талхиз қаласының бүге-шүгесіне дейін біледі. Ол осы төңіректе тарихи қала болғанын, оның ЮНЕСКО құрамында екенін шенеуніктерге түсіндірумен әлек.

Арнабай  Нұржанов, Ә. Марғұлан атындағы археология институтының жетекші ғылыми қызметкері:

Бірнеше қабаттар бар. Кейбір  жерлерінде 15 ғасыр, кейбір  жерлерінде 14 ғасыр бар. Ал, енді 12 ғасырдағы үйлердің толық орны тұр.  Бұл жерде, мысалы, бірнеше бағаналардың орындары, қыш құмыралар, темірдің қалдықтары  әлі күнге шашылып жатыр. Сондықтан бұл қаланың орны. Өзіміздің міндеттеріміз бар,  тарихи ескерткіштерімізді ЮНЕСКО-ның, ООН алдында қорғаймыз деген. Қорғай алмасақ, алып тастайды.

Айгүл Ермахан, тілші:

ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміне енгізілген тарихи  жерде қазба немесе құрылыс жұмыстарын жүргізуге мүлдем тиым салынған. Бірақ бұл тәртіпке бағынып жатқан ешкім жоқ. Қазірдің өзінде құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Миллиондар шығындалған құрылыстың кімнің пайдасына шешілетіні келесі айда белгілі болады. ЮНЕСКО-ның өкілдері Талғарға ат басын қараша айында бұруды жоспарлап қойыпты. Универсиадаға жол саламыз деп жүріп, әйтеуір ЮНЕСКО-ның тізімінен шығып қалмасақ болғаны. Тарихшылар ондай жағдайда Тянь-Шань дәлізіне жататын өзге ескерткіштер де әлем тарихының құнды мұралары қатарынан алынады деп отыр.

Айгүл ЕРМАХАН