Спорт Қазақстан
$442.05 €474.14 ₽4.74
×

Қазақстан туристік жарна есебінен жыл басынан бері 300 млн теңгедей табыс тапқан

AstanaTV
21.07.2023ж. 18:45
1012
Қазақстан туристік жарна есебінен жыл басынан бері 300 млн теңгедей табыс тапқан

Қазақстанға келген шетелдік туристер туристік жарна төлеуге міндетті. Туристік жарна есебінен жыл басынан бері еліміздің бюджетіне қанша қаржы түскенін Мәдениет және спорт министрлігінің ресми сайтында хабарлады.

Ведомство мәліметінше, 2023 жылдың басынан шетелдіктерден жергілікті бюджетке туристік жарна есебінен түскен қаражат сомасы 314 млн теңгеге жуықтайды,-деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.  

Туристік жарна түсімі бойынша көш басында – Алматы қаласы тұр. Туристік жарнадан түскен жалпы соманың 86 пайызы немесе 270,6 млн теңге оңтүстік астанаға тиесілі. Бұл көрсеткіш бойынша екінші орында Астана қаласы. Елорда бюджетіне туристік жарнадан шамамен 37,7 млн теңгеден астам қаржы түскен.

Туристік жарна есебінен түскен қалған сома (5,7 млн теңге) туристік жарна алынатын басқа өңірлердің әкімдіктеріне тиесілі. Министрлікте туристік жарна төлеу әлемдік тәжірибе екенін атап өтті.

"Туристік жарнадан түскен қаражат туристік инфрақұрылымды дамытуға, аумақтарды абаттандыруға, туристік мүмкіндіктерді ілгерілету бойынша іс-шараларды іске асыруға бағытталуы керек. Бұл өңірлерге келетін туристердің санын арттыруға ынталандыратын болады", – дейді Мәдениет және спорт министрлігінің Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Дастан Рыспеков.

Ведомство ақпаратынша, туристік жарна – хостел, жалға берілетін баспаналардан бөлек орналасу орындарында болған әрбір тәулік үшін туристерден алынатын төлем.