Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Қазақстан мен Финляндия өзара тиімді ынтымақтастықты дамыта түспек

AstanaTV
24.10.2016ж. 20:00
2624
Қазақстан мен Финляндия өзара тиімді ынтымақтастықты дамыта түспек

Қазақстан мен Финляндия өзара тиімді ынтымақтастықты дамыта түспек. Саяси және экономикалық тұрақтылық, Қытай мен Орталық Азия нарығына шығуға қолайлы географиялық орналасу екі мемлекетке де пайда әкелетін ортақ жобаларды іске асыруға мүмкіндік береді. Бұл тақырып Парламент Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин мен фин елінің кәсіпкерлері арасындағы кездесуде көтерілді. Негізгі басымдық өндіріс, экологиялық технология, инновация және ауыл шаруашылық бағыттарына берілмек.

Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

Осы жерде өткен барлық кездесулер Елбасымызды және оның барлық бастамаларын Финляндияда өте жақсы білетінін көрсетті. Сонымен бірге, Қазақстанның 25 жыл ішіндегі табыстарын да өте жоғары бағалайды. Осы жолда біздің Парламенттеріміздің негізгі міндеті - екі мемлекет президенттерінің стратегиялық келісімдерін сапалы заңдармен қамтамасыз ету.

2016 жылдың қаңтар - маусым айлары аралығында Қазақстан мен Финляндия арасында сауда айналымы 157,6 млн долларды құраған. 2005 - 2015 жылдары Финляндиядан келген инвестиция көлемі 286,9 млн долларға тең. Қазақстанда 70-ке жуық бірлескен кәсіпорындар мен филиалдар және фин елінің заңды тұлғаларының өкілдері тіркелген. Астанада өтетін «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінде Финляндияның жеке ұлттық павильоны болады деп жоспарлануда.

Ари Вайсанен,«OUTOTEC» компаниясының коммерциялық директоры:

Біз Қазақстанда 20 жылдан бері жұмыс істеп келеміз. Шетелдік компаниялар үшін жасалып отырған жағдай жақсы. Мен оны барлық жерде айтып жүрмін. Біздің компания алдағы уақытта ЭКСПО көрмесіне қатысуды жоспарлап отыр.