$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Шымкентте терорлық акт туралы жалған хабар берген адам 5 жылға сотталуы мүмкін

AstanaTV
01.08.2023ж. 15:24
755
Шымкентте терорлық акт туралы жалған хабар берген адам 5 жылға сотталуы мүмкін

Шымкентте терроризм актісі туралы жалған ақпарат берген тұрғын 5 жылға сотталуы мүмкін, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оқиға Наурыз айында болған. «102» телефон номеріне хабарласқан күдікті қаладағы дүкендердің біріне бомба қойылғаны туралы айтқан. Оқиға орнына жедел жеткен полицейлер ғимаратты және оған іргелес аумақты тексеру кезінде ешқандай жарылғыш зат таппады. Содан полицейлер аталған жайтты ҚР ҚК-нің 273-бабы (Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау) бойынша тіркеді. Сол күні жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде экстремизмге қарсы күрес басқармасының жедел уәкілдері қоңырау шалушыны анықтап, қолға түсірді. Алайда, күдікті ретінде ұсталған 28 жастағы азамат өз кінәсін мойындамаған.

«Екі рет жүргізілген фоноскопиялық сараптама қорытындысы ер адамның қылмысқа қатысы барын растады. 27 шілде күні күдікті процессуалдық тәртіпте қамауға алынды. Қылмыстық іс бойынша жинақталған іс-құжаттар сотқа жолдау үшін әзірленуде»-делінген Шымкент қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Полицейлер дайындалып жатқан терроризм актiсi туралы көрiнеу жалған хабарлау 5000 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына немесе бес жылға дейінгі мерзімде бас бостандығын шектеуге немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыруға алып келетінін ескертеді.