Спорт Қазақстан
$442.05 €474.14 ₽4.74
×

Шығыс Қазақстанда төрт ауыл тұрғындары ауыз сусыз қалуы мүмкін

AstanaTV
05.08.2023ж. 15:48
985
Шығыс Қазақстанда төрт ауыл тұрғындары ауыз сусыз қалуы мүмкін

Шығыс Қазақстан облысы Шемонаиха ауданына қарасты 4 ауыл ауыз сусыз қалуы мүмкін. Бұл туралы Stan.kz ақпараттық агенттігі "Хабар 24” арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Елді мекендердегі орталық су жүйесі істен шығып жатыр. Құбырлар инженерлік коммуникацияның тозуынан бұзылған. Первомайский кентінің тұрғындары әкімдіктен көмек күтпей-ақ, апатты жағдайдағы құдықтарды жөндеуге кіріскен. Десе де ауыл тұрғындары мәселені шешуге қауқарсыз. Себебі, коммуникацияны қалыпқа келтіру үшін қыруар қаржы керек.

"Су құбырлары тесіліп жатыр. 10 метр сайын ақаулар анықталды. Оған қоса кей жерлері шіріп кеткен”, – дейді Первомайский кентінің тұрғыны Валерий Корнеев.
Елді мекендегі орталықтандырылған жүйесінің құбырлары шіріп кеткендіктен, судың түсі өзгеріп, сапасы нашарлаған. Бұл сорғы станциясы суды Ертістен алып, тазартады. Өзеннің деңгейі төмендесе болды, тіршілік нәрін тарту қиындай түседі. Бұған дейін ауылды ауыз сумен қамту үшін артезиан ұңғымаларын пайдалану мәселесі көтерілген. Алайда экологиялық жоба аяқсыз қалды.
"Бұл мәселе туралы 8 жыл бойы айтып келемін. Жерасты суын тарту туралы мәселені шенеуніктерге сан рет жеткіздік. Нәтиже жоқ. Біз күтуден шаршадық”, - Первомайский кентінің тұрғыны Николай Микенин.

Жергілікті биліктің өзекті мәселе туралы хабардар. Алдағы уақытта жаңа сорғы станциясын салуға қаражат бөлінеді. Бірақ жобаны іске асыруға кем дегенде 1 жыл керек.

"Су құбырларын жөндеуге аудандық бюджеттен 90 млн теңге қаражат бөлінді. Тамыз-қыркүйек айларында жұмыстар толығымен жүргізіліп, қысқа дайындық аяқталатын болады. Сонымен қатар Первомайский кентінде екінші жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Ертіс өзенінің жағасында жаңадан су ұңғымаларын орнату, таза суды халыққа жеткізу. Жобалық-сметалық құжаттамысы дайын. Қаражат бөлуге өтінім берілді”, – деді Шемонаиха ауданы әкімінің орынбасары Бакытжан Молдаханов.

Жаңа ұңғымаларды орнатуға 240 млн теңге қажет. Жоба қолдау тапса, келесі жылы жүзеге асырылылады.