Спорт Қазақстан
$443.37 €474.49 ₽4.83
×

Грузиядағы Шови таулы курортында болған көшкін: 11 адам қаза тапты, елде аза тұту күні жарияланады

AstanaTV
05.08.2023ж. 16:35
651
Грузиядағы Шови таулы курортында болған көшкін: 11 адам қаза тапты, елде аза тұту күні жарияланады

Батыс Грузияның Рача аймағындағы Шови тау курортында қатты көшкін болған. Салдарынан 11 адам қаза тапты. Тау шатқалын топырақ басқан, іздеу жұмыстары жалғасуда, 25 адам із-түзсіз жоғалып кетті деп танылды. Бұл туралы "Грузия 24" Telegram арнасында хабарланды.

Сарапшылардың айтуынша, Шовидегі табиғи апат Батыс Грузияда 30 жыл болмаған және ол тарихтағы ең ірі оқиға деп танылған. Геолог Мераб Гаприндашвили журналистерге 5 миллион текше метрден астам қатты массаның қозғалысқа түскенін айтты.

"Шови орналасқан шатқалда соңғы бірнеше күн бойы тоқтаусыз жауын-шашын болған. Бұған Кавказ жотасында жақын маңдағы екі мұздықтың еруі де қосылған. Бұл екі құбылыс көшкінді тудырған", — деп жазады "Интерфакс" агенттігі геологтың сөзіне сілтеме жасап.

Грузия премьер-министрі Ираклий Гарибашвили дүйсенбі, 7 тамызда Грузияда қаралы күн жарияланатынын хабарлады. Грузияның Төтенше жағдайлар министрлігінің басшысы Теймураз Мгебришвили журналистерге коттедждер көшкіннің астында қалғанын айтты.

"Коттедждер болған жерде қазір дым қалған жоқ... Біз бұл коттедждердің қирандылары қалың топырақтың астында көмілгенін көріп тұрмыз. Бұл құтқару жұмыстарын қиындатады", – деді ол.

Гарибашвили жедел-құтқару жұмыстарына Грузияның әскери қызметшілері тартылатынын айтты.

"Бірнеше сағаттан кейін жұмылдыруды бастаймыз. Бізде барлық тиісті техника бар, қажет болған жағдайда қолданатын арнайы көпірлеріміз де бар", – деп хабарлады қорғаныс министрі Хуаншер Бурчуладзенің сөзіне сілтеме жасаған "Новости-Грузия" агенттігі.

Іздеу жұмыстарына тікұшақтар мен иттері бар құтқару топтары да жұмылдырылған.

"Новости-Грузия" агенттігінің хабарлауынша, шекаралық полиция тікұшақтары арқылы қазір апат аймағынан 200-ден астам адам эвакуацияланған. Formula TV арнасы ақпаратынша, бейсенбі күні кешке жақын Шовиде көшкін болған, бірақ құтқарушылар оқиға орнына түнде ғана келіп жете алды.