Спорт Қазақстан
$441.44 €473.09 ₽4.75
×

"Денем май боп кеткенін байқадым": Қапшағайға шомылғандар жағажай суының тазалығына күмән келтірді

AstanaTV
07.08.2023ж. 13:23
949
"Денем май боп кеткенін байқадым": Қапшағайға шомылғандар жағажай суының тазалығына күмән келтірді

Әлеуметтік желіде Қапшағай су қоймасының шомылу маусымы кезіндегі экологиялық жағдайы туралы мәселе көтерілді. Атап айтқанда, жағажай суының майланып кеткені, оған моторлы қайықтардың майы төгілуі мүмкін деген болжам айтылды. Бұл мәселеге жауапты мемлекеттік органдар пікір білдірді, деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Журналист Тоқтар Жақаш Facebook желісіндегі парақшасында Қапшағай суының майлы болып кеткені туралы жазды.

"Қапшағайға шомылуға бола ма? Мен бірден "болмайды!" дер едім!. Өткенде судан шыққанда екі алақаным мен денемнің май боп кеткенін байқағам. Бірақ ол кезде суда волейбол ойнадық. Доп та май болды. Оны бізбен доп ойнаған әйелдердің күнге қарсы жаққан кремі шығар деп ойлағам. Кеше күн ысып кеткесін түс ауа көлге тағы бардық. Суға түскеннен-ақ моторлы қайықтың түтініне тұншықтым. Барлап қарасам, түтіндеп жүрген бірнеше қайық атам заманғы екен! Зауыттан шыққанына кемінде 40-50 жыл болған. Жағаға шығып, күнге қыздырынғаным сол, екі алақаным қайтадан май-май боп, жылымсықтанып шыға келді. Яғни әлгі ескі қайықтар көл бетіне майын ағызып немесе зиянды қалдықтарын шамадан артық төгіп жүр деген сөз", - дейді автор.

Журналист жергілікті жауапты мекемелердің көл суының құрамын, құрамындағы зиянды заттар мөлшерін тексергенін байқамағанын жазады. Бұл мәселеге қатысты KAZ.NUR.KZ тілшісінің сауалына жауапты мемлекеттік органдар пікір білдірді. Атап айтқанда, Алматы облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясы жағажайдағы моторлы қайықтардың техникалық жағдайын тексеру туралы сұраққа жауап берді. Инспекцияның хабарлауынша, су көлігі саласындағы заңнама талаптарының бұзылуына жол бермеу бойынша бақылау-қадағалау іс-шаралары жүзеге асып жатыр.

"Есепті кезеңде инспекция 39 шағын көлемді кемені тексерді. Анықталған бұзушылықтар фактісі бойынша 43 әкімшілік материал жасалды. Сонымен қатар уәкілетті органдармен тұрақты негізде рейдтік іс-шаралар және шағын көлемді кемелерді жалға алушылармен және жалға берушілермен түсіндірме кеңестері өткізіледі", - делінген хабарламада.

Сондай-ақ жағажай суының құрамына қатысты Қонаев қаласының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы пікір білдірді. Ведомствоның мәліметінше, зерттеу жұмыстары жыл сайын күн жылы мезгілде жүргізіліп отырады, оған сәйкес жағажай суының, құмы мен топырағының құрамы қалыпты шекте. Басқарма мамандарының хабарлауынша, туристік бизнеспен айналысатын кәсіпкерлерге қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптар мәселесі бойынша семинар-кеңес өткізілген. "Басқарма мамандары жыл сайын мамырдан қыркүйекке дейін микробиологиялық, санитариялық-химиялық, паразитологиялық зертханалық зерттеулер жүргізе отырып, бірінші және екінші санаттағы су айдындарына, топыраққа, құмға мониторинг жүргізеді. 2023 жылғы мамырдан шілдеге дейінгі кезеңде демалыс орындарынан (қалалық жағажай) 50 су және 20 құм сынамасы алынды, зерттеулерді ДСМ Сантарлық эпидемиологиялық бақылау комитеті "Ұлттық сараптама орталығы" Алматы облысы бойынша филиалының мамандары жүргізді, зерттеу нәтижелері - норма шегінде", - дейді ведомство өкілдері.

Сонымен қатар мамандар жағажай суына мамырдан қазанға дейін әр 10 күн сайын тырысқаққа, ай сайын вирусқа зерттелетінін атап өтті.

"26 шілдеде басқарма маманы су құрамында мұнай өнімдерінің болуына зертханалық зерттеу үшін үш нүктеден су сынамасын (сынамаларды алу орны: Қапшағай су қоймасының қалалық жағажайлары) іріктеп алды. 27 шілдедегі жер үсті су объектілерінің үлгілерін зерттеу хаттамасының нәтижелері бойынша алынған су сынамаларының құрамынан мұнай өнімдері табылған жоқ", - делінген жауапта.