Спорт Қазақстан
$441.66 €475.14 ₽4.86
×

Алаяқтар тараздықтардың 2 млн астам қаржысын алып кеткен

AstanaTV
17.08.2023ж. 23:46
3663
Алаяқтар тараздықтардың 2 млн астам қаржысын алып кеткен

Таразда ер адам пластикалық терезе мен балкон орнатамыз деген желеумен тұрғындардың ақшасын иемденген, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Тараз қалалық полиция басқармасының 1-ші полиция бөліміне ықшам удандардың бірінің тұрғындары арызданған. Олар белгілі бір азаматтың арзан бағамен пластикалық терезелер мен балкондарды жасап, орнатып беремін деген желеумен олардың сеніміне еніп, ақшасын иемденіп, кейін түрлі сылтаулармен жалтарып немесе қоңырауларға жауап бермей жүргенін хабарлады.

Пластикалық бұйымдарды орнатуы үшін тұрғындар оған 300-ден 585 мың теңгеге дейін қаражат берген. Сенген азаматтардан жиналған қаржы көлемі 2 130 000 теңгеден асады, - делінген хабарламада.

Аталған дерек бойынша ҚК-нің 190-бабының 3-бөлігі (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері облыс орталығының 23 жастағы тұрғынын анықтады. Ер адам өз кінәсін толық мойындады, қазіргі уақытта келу туралы міндеттеме бойынша босатылды.

Осы қылмысты жасағаны үшін Қылмыстық кодексте үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу не мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан алты жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз сол мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жауапкершілік көзделген.