$487.37 €532.94 ₽5.09
×

Екібастұз жылу орталығында 10 қазандық жөнделіп жатыр

18.08.2023ж. 20:00
1224
Екібастұз жылу орталығында 10 қазандық  жөнделіп жатыр

Екібастұз жылу орталығында 10 қазандық жөнделіп жатыр. Қазір оның екеуі толығымен аяқталды. Қалғаны жылу беру беру маусымына дейін аяқтала ма? Қыс қыр астында. Екібастұздықтар тағы бүрсең қақпай ма? Өзгеріс Қуанар айтады.

Екібастұздағы жылу жырын жұрт ұмыта қойған жоқ. Халық қыстай тоңып шықты. Қыруар қаржы бөлініп, дайындық шаралары қызу жүріп жатыр. Жылу орталығында 10 қазандық күрделі жөндеуден өтуде. Қазір оның екеуі толығымен аяқталды.

АСАЙЫН БАЙХАНОВ, ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Жылыту маусымы 1 қазан күні басталады. Сондықтан, 1 қазанға дейін қазандықтар және жылу беру орталықтары толықтай дайын болады. Біз оған кепілдік бере аламыз. Былтырғыдай апат болмайды деген кепілдікті бере аламыз.

Қалада 77 шақырым жылу құбыры жаңартылып жатыр. Қазіргі күні жұмыстың 60 пайызы аяқталды. Ал МАЭС-1-де 1 энергоблокты қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Жөндеу жұмыстары осы жылдың соңына дейін аяқталмақ. Бұл өндіріс қуатын 4 мың Мв-қа дейін арттыруға мүмкіндік бермек.

АЛМАСАДАМ СӘТҚАЛИЕВ, ҚР ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРІ:

Еліміздің солтүстік облыстарына газ құбырын тарту бойынша 2 нұсқа жасалды. Оның бірі «Сарыарқа» газ құбыры арқылы елдің батысынан немесе көрші Ресей елінен газ тарту жобалары сараланып жатыр. Қай нұсқаның тиімді екені анықтайтын боламыз. Осы арқылы еліміздің солтүстігін және шығысын көгілдір отынмен қамту жоспары тұр.

Екібастұз қаласының жылу желісін жаңғыртуға жалпы соммасы 20 млрд 6 млн теңге бөлінген. Оның 55 пайызы жылу орталығының есебінен жүргізілуде, 40 пайызын үкімет қаржыландырды.