Ішкі істер министрлігі екі бойжеткеннің түнгі уақытта полицияның қызметтік автокөлігіне отырып жатқан сәті түсірілген видеоға байланысты пікір білдірді.
Ведомство мәліметінше, оқиға 22 тамызда кешкі уақытта болған.
«Әкімшілік аумақта қызмет атқару кезінде Тұран АПБ патрульдік полиция полкінің автоэкипаж инспекторларынан екі қыз көмек сұраған. Қыздар саябақта белгісіз ер адамдар оларға тиіскенін хабарлаған (ауызша арызданған).
Арызданушылармен бірге жақын маңдағы аумақтарды аралаған тәртіп сақшылары құқық бұзушыларды таппай, қыздардың өтініші бойынша оларды қауіпсіз жерге түсіріп кеткен», - делінген хабарламада.
Полиция әлеуметтік желі қолданушыларынан жалған ақпарат таратпауды сұрайды.
Айта кетсек, бұған дейін әлеуметтік желіде тараған атышулы видеода автор «Шымкент полициясының қызметтік көлікпен «түнгі көбелектерді» тасып жүргені» туралы айтқан болатын.