Спорт Қазақстан
$441.66 €475.14 ₽4.86
×

"Жол салуда міндетін адал атқармаған барлық компания заң бойынша жауапқа тартылады",- Президент

06.09.2023ж. 20:00
636
"Жол салуда міндетін адал атқармаған барлық компания заң бойынша жауапқа тартылады",- Президент

Павлодар облысы Маралды ауылында жаңадан салынған асфальт сапасыз болып шықты. 1 жарым шақырым жол кедір-бұдыр төселген. Бұған қазындан 37 млн. теңге бөлініпті. Жол сапасын қадағалайтын мекеме мердігерден асфальтты тегістеуді талап етіп отыр. Мәселенің мән-жайын тілшіміз Өзгеріс Қуанар біліп келді.

Маралды ауылындағы бұл жол жылдары бойы жөндеу көрмеген. Биыл ғана асфальт төселді. Алайда, сапасы ауыл халқының көңілінен шықпай отыр. Кедір-бұдыр. Кей жері қопарылып жатыр.

Ерболат ҚАНКИН, ШАҚАТ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ:

Қазір жол әлі қабылданған жоқ. Мына жолдың сапасы орташа деп айтуға болады істеп жатқандары. Кезінде мына жолға ақшаны 3 жыл бұрын сұрағанбыз. Биыл ғана ақша берілді.

1 жарым шақырым жолды салуға қазынадан 37 млн теңге бөлінген. Тұрғындар шағымынан кейін жолды тексеруге шыққан мамандар бірқатар былықтың бетін ашты.

Марат ВАЛИЕВ, «ЖОЛ АКТИВТЕРІ САПАСЫНЫҢ ҰЛТТЫҚ ОРТАЛЫҒЫ» ПАВЛОДАР ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

Филал мамандары жөнделген жолдан кемшіліктер анықтады. Жолдың жабындысы кейбір учаскелерде тегіс төселмеген. Асфальттің бүлінген жерлері де болды. Біз тапсырыс беруші мен мердігерге қалпына келтіру бойынша нұсқаулық бердік.

Сапасыз жол салған мердігер кінәсін мойындады.

Сымбат ТАЙНОВ, МЕРДІГЕР:

Ұлттық орталық тарапынан аздаған ескертпелер бар. Біз кеткен кемшіліктерді қалпына келтіруге дайынбыз. Өткенде бір апта жаңбыр жауып, жұмыс уақытша тоқтап қалды. Жөндеуді аяқтаған соң, ақау анықталған учаскелерді қайта жасаймыз.

Президент Жолдауында міндетін адал атқармаған барлық компания заң бойынша жауапқа тартылады деді. Жауаптыларға бақылауды күшейтіп, жаңа нормативтік құжаттар қабылдауды тапсырды. Өңірде «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасы бойынша ауыл ішілік жолдарды жөндеу үшін 44 жоба әзірленген. Бұған бюджеттен 2,8 млрд теңге бөлінді.