Шілде айында семейлік офтальмолог-дәрігер Айнұр Садырбалина Ертіс өзеніне батып, ес-түссіз күйде жағаға шығарылған баланың аман қалуына себепкер болды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Сол күні өз балаларымен демалуға барған білікті маман тынысы тоқтап, денесі көгерген оқушыға шұғыл медициналық көмек көрсете алды. Осы ерлігі үшін Айнұр Садырбалина арнайы медальмен марапатталды.
Бұл туралы Абай облыстық ТЖД Instagram парақшасында хабарлады.
Оқиға биыл 13 шілдеде Семейдің Затон ауданы бөлігіндегі Ертіс өзенінің жағасында болған.
Куәгерлердің айтуынша, жасөспірімнің қасында оның кәмелетке толмаған ағалары да суда бірге түсіп жүрген. Олар суда өзара ойнап жүріп, інілерінің суға батып кеткенін байқамай қалған. Оны жақын маңда суға түсіп жүрген басқа бала кездейсоқ байқаған. Үлкендер оны жағаға алып шыққанда жасөспірім ес-түссіз күйде болған.
Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің хабарлауынша, сол күні балаларымен демалып жатқан Айнұр Садырбалина көмекке шақырған дауысты естиді. Ауа температурасы 45 градустан асып жығылған жаздың сол бір аптап ыстық күнінде жағажайда демалушы қарасы көп болған. Көмек сұраған айқайды естіп, Айнұр шоғырланған адамдар тұрған жерге қарай дереу көмекке ұмтылған.
"Оқиға орнына жеткен ол жерде жатқан жасөспірімді және оған алғашқы көмек көрсетпек болған ер адамды көреді. Көрсетіліп жатқан көмекке қарамастан оның дене терісі көкшіл реңк тартып, тынысы тоқатаған екен. Әлпетінен суға батқан адамның барлық белгілері байқалған. Осы сәтте Айнұр байсалдылық танытып, жасөспірімге бірден жүрек-өкпе реанимациясын жасаған. Сол қиын сәтте сәл кешігудің өзі баланың өміріне орасан зор қауіп төндіруі мүмкін еді", - делінген ТЖД хабарламасында.