Спорт Қазақстан
$441.66 €475.14 ₽4.86
×

Диқандарды тұқыммен қамтамасыз ету өзекті мәселеге айналды

Диқандарды тұқыммен қамтамасыз ету өзекті мәселеге айналды

Мамандардың айтуынша, елімізде егілетін дәнді дақыл сұрыптарының 60-70 проценті шетелден әкелінеді. Сондықтан диқандарды жергілікті тұқыммен қамтасыз ету мәселесі өте өзекті. Бұл туралы Мемлекет басшысы Жолдауында да айтты. Проблеманы қалай шешуге болады? Ғалымдар не дейді? Тілшіміз Мөлдір Тоқтасынқызы тарқатады.

Құрманбек Бәкірұлының тұқым шаруашылығын зерттеп жүргеніне 60 жылға жуықтаған. Айтуынша қазір ресейлік сұрыптар кең тараған. Ал күріштің ұзын дәнді түріне сұраныс жоғары. Мұндай жаңа сұрыптың артында ғалымның 10-15 жылғы еңбегі жатады дейді ол. Қазір ол суды аз тұтыну мен мол өнім алудың жолдарын зерттеп жатыр.

Құрманбек БӘКІРҰЛЫ, АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ:

Өндіріп құрғаққа себу, суға беру бұрыннан бар. Бастапқы тұқым аз болады ғой, біз соны тез көбейту үшін, 1,2,3 күн өндіріп, құрғаққа себу оңайлау болады суға сепкеннен. Сепкенде 4-5 есе тұқым үнемделеді. Соған көзіміз жетіп жатыр. Бірақ ол тәсілді әлі де жетілдіре түсеміз.

Аймақтағы жалғыз ғылыми зерттеу институтында бүгінде 40-ға жуық ғалым түрлі сұрыптарды зерттеп, қолданысқа енгізуде. Бірақ, олар ғылым мен шаруалардың арасындағы байланыс үзіліп қалғанын айтады.

Самалбек ҚОСАНОВ, "Ы. ЖАҚАЕВ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ КҮРІШ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ҒЫЛЫМИ-ЗЕРТТЕУ ИНСТИТУТЫ" ЖШС БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

Замануи лаборатория жетіспеушілігі бізге қазір қолбайлау болып отыр. Лаборатория салынса, кішкентай мемлекет тарапынан сәл қозғалыс болатын болса, фермерлерді сапалы тұқыммен де қамтамасыз етуге мүмкіншілігіміз бар. Олардың басына түскен кез-келген ауыртпашықлықтармен біз қатар күресіп, олардан шығу тетігін көрсетуге біздің ғалымдарымыз дайын.

Бүгінде күрішті аймақта суды аз қажет ететін дақыл түрін қолданысқа енгізу өзекті мәселеге айналды. Бірақ климаттық жағдайын, азық-түлік айналымын және жұмыспен қамту деңгейін есептесек, күріштен бас тарта алмасымыз анық. Сондықтан мамандар алқаптарды лазерлік тегістеуді жетілдіру керек дейді. Сонымен қатар, шаруашылықтардағы сушылардың білімдерін жетілдіруді де ұсынып отыр.

Жанұзақ БАЙМАНОВ, ТЕХНИКА ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫ:

Су үнемдеудің ең бірінші мәселесі есепке алу мәселесі, автоматтандыру мәселесі. Қарап отырсаңыздар, біздің өңіріміздегі үлкен магистралды каналдарымызда су есептегіш құралдар бар. ал негізгі судың көлемі бұл егіс алқаптарында. Сол егіс алқаптарындағы суды есепке алу, көлденең шығындарды болдырмау бағытындағы іс-шара жасап, оны қолға алу.

Бұл мәселенің барлығы егін шаруашылығында маңызды реформа жасау керектігін аңғартады. Оның негізгі тетіктерін Мемлекет басшысы Жолдауында айтты.