Жатақханаларға 1-курс студенттерін ғана орналастыру дұрыс емес. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев "AMANAT" партиясының жастар ісі жөніндегі кеңесте айтты. Сөзінше, студенттер үйінен орын ала алмаған білім алушы жағдайы жасалған жалдамалы пәтер таба алмайды. Тапса да ақысы қымбат. Депутат "бұл мәселені тез арада шешу керек", - дейді. Жастарды жатын орынмен қамтамасыз ету үшін 2019-23 жылдары бюджеттен 9,7 миллиард теңге бөлінген.
Нартай СӘРСЕНҒАЛИЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "AMANAT" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Жыл сайын жатақханамен жабдықтау мәселесіне бюджеттен қыруар қаражат бөлінеді. Бағдарламалар бар. Мемлекеттік әріптестік арқылы жасалатын жатақханалар бар. Бірақ, мұның саны барлық студенттерді жатақханамен қамтамасыз етуге жетпейді. Бұл- үлкен мәселе.
Елімізде 1 миллионнан астам студент бар. Биылғы оқу жылында жатақханаға орналасуға 129 мың өтініш түскен. Бірақ біздегі студенттер үйі тек 106 мың білім алушыға арналған. 23 мың студент баспанасыз қалуы мүмкін деген қауіпті естіп Ғылым және жоғары білім министрі хостелдермен келіссөздер жүргізген.
Талғат ЕШЕНҚҰЛОВ, ҚР ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ЖОҒАРЫ БІЛІМ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:
Бұл хостелдерде, жатақханаларда тек студенттер тұратынын атап өткен жөн. Ол талапты біз хостелдердің алдына міндет ретінде қойдық. Жалға алынған хостелдерді, жатақханаларды мемлекеттік жатақханалардағыдай камералар қоюды ұсындық.