$498.34 €519.72 ₽4.85
×

"Құрамаға 3 ұпай сыйлағаныма қуаныштымын", - М.Самородов

11.09.2023ж. 20:00
831
"Құрамаға 3 ұпай сыйлағаныма қуаныштымын", - М.Самородов

"Қазақстан" ұлттық құрама командасы Солтүстік Ирландияны жеңді. Осылайша Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңінде 12 ұпай жинап, рекорд жаңартты. Жанкүйерлерге жеңіс сыйлаған құрама ойыншыларын кездесуден кейін Президент құттықтады.

Бас төрешінің ысқырығы естілді. Ұлттық құрама ойыншылары қарсыластың қауқарын байқап алды. Содан кейін шабуылға лап қойды. Нәтижесін 27-ші минутта көрдік. Максим Самородовтың шірене тепкен добы қарсыластың қақпасынан табылды.

Екінші таймда Солтүстік Ирландия басымдықты қолдарына алды. Таразы басын теңестіруге тырысты. Алаң қожайындары қорғаныста толықтай жатып алмады. Қарсы шабуыл ұйымдастырды. Қақпамызды күзеткен Щацкий 90 минут бойы сыр бермеді.

Кездесудегі жалғыз голдың авторы ойын үздігі деп танылды.

Максим САМОРОДОВ, ҰЛТТЫҚ ҚҰРАМА ОЙЫНШЫСЫ:

 Сезімімді сөзбен жеткізе алмаймын. Барлық қазақстандықтарды маңызды жеңіспен құттықтаймын. Құрамаға 3 ұпай сыйлағаныма қуаныштымын.

Ойынды тамашалауға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы келді. Геннадий Головкин де қадірлі меймандардың қатарынан табылды. Жанкүйерлерге жеңіс сыйлаған ойыншыларды кездесуден кейін Президент құттықтады.

Керемет! Жұрт риза! Қазір Қуанатын сәт болғанымен, ертең жаттығу екенін ұмытпау керек.

Тіпті ойыншылар да қуаныштарын жасырмады, эмоциясымен бөлісті.

Ұлттық құрама бірінші рет 12 ұпай жинады. Тарихи жетістік жаңарды. Енді төрт ойын қалды. Қарсыластарымыз шамасын жақсы білеміз. Тек дайындықты күшейтіп, жолдама жолындағы жанталасты жалғастыру керек.