Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

«Нұр Отан» зейнеткерлердің еңбек өтілін қайта есептеуіне көмектеспек

AstanaTV
07.11.2016ж. 20:00
2944
«Нұр Отан» зейнеткерлердің еңбек өтілін қайта есептеуіне көмектеспек

Зейнеткерлік өтіліне қосымша жұмыстарды есептеп енгізу үшін қандай құжаттар жинау керек? «Нұр Отан» партиясы Шығыс Қазақстан облыстық филиалында өткен қоғамдық қабылдауда бұл сұрақтың жауабы табылды. Тұрғындар өздерін толғандырған мәселелерді еңбек, әлеуметтік қорғау саласы мамандарына жайып салды.

Қоғамдық қабылдауға жеті адам жазылған. Алайда, бүгін 30-ға жуық тұрғын келді. Көпшілігін оңалту бағдарламалары мен емшара, жеңілдікті жолдамалар жайы алаңдатады. Бірі құрметті демалысқа экологияға байланысты шықса, енді бірі жасына орай зейнеткер атанған. 2017 жылдың қаңтарынан бастап зейнетақы 9 пайызға өседі. Ал 1998 жылдың 1 қаңтарына дейін еңбек өтілі 35 жылды құрағандардың зейнетақысы 2018 жылдың маусымынан бастап 100 пайызға көтеріледі. Осыған орай қариялар еңбек жылдарын қайта есептеуге мәжбүр.

Зинаида Мұхамедова, Өскемен қаласының тұрғыны:

Менде 35 жылға 3 ай жетпейді, сонда не істеуім керек? Қорғасын-мырыш комбинатында өмір бойы жұмыс істедім. Назарбаев, 35 жылдан жоғары еңбек өтілі барларға 100 пайыздық үстеме болады, деді ғой. Сондықтан бүгін мамандардан кеңес алу үшін әдейі келдім.

Өскемен қалалық еңбек, әлеуметтік қорғау мамандары зейнеткерлерді мұқият тыңдады. Көбінің еңбек кітапшаларында соғыстан кейінгі жылдарда істеген еңбек күндері жазылмай қалған. Кейбірінің тиісті анықтамалары мен құжаттары жоғалған. Бала күтіміне байланысты үйде отырған әйелдердің 35 жылдық еңбек өтілінде осы уақыт есептелмей қалған. Енді бұл олқылық жойылады, -деп сендірді  мамандар. Сондай-ақ, жоғалған құжаттарды қалпына келтіру үшін мұрағаттарға сұрау салынады.

Марина Шаронова, ШҚО еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон департаменті басшысының орынбасары:

Еңбек өтілі дұрыс жазылмаған және оны анықтау мүмкін болмаса, тек мұрағаттық құжаттар арқылы растау керек. Бұл мүмкіндікті заңнамалық негізде алуға болады. Ондай еңбек өтілінен бас тартуға болмайды. Үш айдың өзі процентке, жылдық көрсеткішке әсер етуі мүмкін. Сондықтан зейнет жасына дейін еңбек кітапшаларындағы жазбаларды алдын ала реттеп алған жөн.