Спорт Қазақстан
$441.66 €475.14 ₽4.86
×

Павлодарда ауыл халқы шөпті несиеге алуға мәжбүр

13.09.2023ж. 20:00
643
Павлодарда ауыл халқы шөпті несиеге алуға мәжбүр

Павлодарда ауыл халқы шөпті несиеге алуға мәжбүр Тоннасы бақандай 100 мың теңгеге жеткен. Азын аулақ малмен ғана күн көріп отырған жұртшылық қарызға белшеден батқанын айтады. Мәселенің мән жайын өңірдегі тілшіміз Өзгеріс Қуанар жеткізеді.

 Халық малдың қысқы азығын дайындай алмай отыр. Қуаңшылықтан жер күйіп кеткен. Есік алдындағы санаулы түлікке шөпті сатып алуға мәжүр. Ал бағасын екінің бірінің қалтасы көтермейді.

Бақытхан БОЛАТ, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:

Жеріміз жоқ шауып алатын. Одан кейін амал жоқ, сатып аламыз. Биыл міне 90-100 мың деп тұр ғой. Сұмдық ғой бұл. Бағасы 100 мыңнан болса, 10 телешкасы 1 миллион болады. Өте қымбат, өте қымбат. Халықтың жағдайы қиын.

Асқар ӘДІЛХАН, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:

Қазір тіпті менің пенсиям 70 мың, ал шөп қазір 90-100 мың деп тұр. Мен пенсиямды қалай тартамын. Бір телешка шөпке жетпей қалды. Балаларға тамақ алып беру керек. Екі-үш малдың баққан ақысы бар. Сонда жетпей қалды. Мен қайтерімді білмеймін енді.

Шөп сатып алуға шамасы келмеген тұрғындар малды азайтуға көшкен. Бірақ, қазір оны сату да оңай болмай тұр. Қымбатшылық жайлаған тұста арзанға сатқылары жоқ. Сондықтан, қысқы азықты несиеге алып жатыр.

Алдан МАМАНҰЛЫ, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:

Алдыңғы жылы 50 мың болған, былтыр 70 мың, биыл міне 90-100 мыңға шықты. Мен биыл бес-ақ телешка ғана алдым. Өте қымбат. Енді ол жетпейді бәрі бір. Сондықтан малды азайтамын.

Ал әкімдік шөп дайындау бойынша тиісті шаралар қабылдап жатқанын айтады. Бұл мақсатқа қазынадан 3 млрд теңге көлемінде қаржы бөлген. Бұдан бөлек орман алқабындағы тыйым салынған жерлерді шабуға рұқсат бердік – дейді.

Марат АҚТАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Мал азығының бағасының өсуіне жол бермеу мақсатында ірі ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен жеке аулаларды сабанмен қамтамасыз ету мақсатында меморандумдар жасау жбойынша жұмыс жүргізілуде. "Павлодар" ӘКК " АҚ арқылы 10 мың тонна көлемінде жемдік астық сатып алу бойынша резервтік қор құрылады.

Ауылдағы ағайын бұл көмектің өздеріне жете қоюына күмәнмен қарайды. Сондықтан несие алып, қарызға батқаннан басқа амал жоқ деп отыр.