$494.87 €520.65 ₽4.91
×

БҚО шаруалар киіктен зардап шегіп отыр

13.09.2023ж. 20:00
1060
БҚО шаруалар киіктен зардап шегіп отыр

Батыс Қазақстан облысының оңтүстік аудандарында шаруалардың жағдайы мәз емес. Қуаңшылық салдарынан биыл шөптің шығымы нашар, оның өзін жер қайыстырған қалың киік отап кеткен. Қазір шабындық түгілі мал жайылатын жер жоқ.

Бұл кадрлар жуырда ғана, Казталов ауданы Көктерек ауылында түсірілген. Шаруалар шабындықтың жайын айтып шағымданды. Даланы киіктер тып-типыл еткен. Бөкей Ордасы, Жәнібек, Жаңақала аудандарында да жағдай осындай. Шабындық түгілі жайылым жоқ,-дейді.

Ақылбек САҒИТОВ, БҚО ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТЫ:

Киіктен зардап шегіп жатқан шаруаларымыз көп. Компенсация мәселесін бірнеше қайтара көтергенбіз. Екі министрлікке де айтқан болатынбыз. Әрине биылғы біздің айтып жатырған өтемақымыз шаруалардың түбегейлі мәселесін шешпейді, Неге десеңіз биылдың өзінде киіктің саны шамадан тыс көп болып тұр ғой. Келесі жылы ол төлдейді, одан сайын көбейеді.

Мамандардың мәлімдеуінше, облыста киік көбейді деген жылдардың өзінде 500 мыңнан аспаған. Ал қазір екі жарым миллионға жетіп қалды. Көбейгені сонша қалаға дейін келіп, астықты алқаптарға ауыз салып жатыр. Диқандар егісті қоршап, ор қазып та көрген. Бірақ одан пайда жоқ.

Самат ХАСАНОВ, ДИҚАН:

Мал азығын даярлау мақсатында егістік егіп жатырмыз жаңбырлату бағытында. Сол жерлерге электробақташымен қоршадық. Ол электропастухпен қошаған бізге пайда бермей тұр. Сеткамен қоршау керек болып тұр. Сеткамен қоршағанда үкіметтен субсидия төлесе екен дейміз.

Биыл облыс шаруаларына киіктен келген залал 8 миллиард теңгеге жуықтайды. Комиссия осындай ұйғарымға келді. Ақбөкендер 1 миллион 284 мың гектар жайылым-шабындықты таптап, 5 мың гектар егінді отап кеткен. Қазір тиісті есеп-қисап жоғарыға жіберілді. Бірақ олардың санын тез арада реттемесе, алдағы жылдары киіктен келер шығын одан да көп болмақ. Киікті аулап, оның етін өңдеуге, сауда сөрелеріне шығаруға өңір кәсіпорындарының әлеуеті жеткілікті, дейді сала басшылары.

Наурызбай ҚАРАҒОЙШИН, БҚО АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Сол өзінің аумағына жақын 3 ет комбинаттары, қазір солармен әзірліктері пысықталуда. Бұл үш комбинат тәулігіне 1900 басқа дейін соя алатын мүмкіндіктерін көрсетіп отыр. Тоңазытқыш камералары 4 мың тонналық істеп тұрған қазір. Бұл Жаңақаладағы ет тоңазыту комбинаты және Ақжайық ауданында орналасқан ет сою орны. Енді оның ар жағында өңдеу жұмыстары Кублей. Ертең бұл басталған уақытта сонда өңделетін болады.

Мамандардың мәлімдеуінше жануарлардың санын реттеп отыру әлемдік тәжірибеде бар.