Бірнеше жыл бойы киіктерден жапа шеккен батысқазақстандық шаруаларды енді алдағы қыстың жайы мазалап отыр. Жергілікті шенеуніктердің мал азығы 70% дайын деген көрсеткішімен ауылдықтар келіспейді. Шаруалардың айтуынша, әсіресе облыстың оңтүстік аудандарындағы жағдай мәз емес. Көктемнен күзге дейін киіктен жапа шеккен ауыл шаруалары қазір қарызға белшеден батқан. Берешегінен малын сатып құтылайын десе, етін жақсы бағаға өткізе алмай жүр. Осының кесірінен алдағы қыста төрт түліктен айырылып, қолымызға таяғымызды ұстап қаламыз ба деген қауіп барын жасырмайды. Өйткені қоян жылының қысы қытымыр болады деген болжам бар.
Талғат БАЙКЕНОВ, КӘСІПКЕР:
Ауылдың тұрғындары өте сабырлы адамдар. Биыл қыста мал қырылатын болса, ауылдың адамдарының жанайқайы сонда ғана естіледі. Біз компенсация береді деп бүкіл қаражатымызды мал азығына салып жібердік. Ал енді компенсация берілмейтін болса, оңтүстік аудандардың халқына бір жағдай жасаңдар.
Қайсар КУШАЛИЕВ ҒАЛЫМ
Қолымнан қаншама мың киіктің мүйіздері өтті, сот-сараптама жасадым құқыққорғау органдарының тапсырмасымен. Бірақ оны қалдырмады бізге, актімен аламын, актімен тапсырасың деп. Қайда кетті ол? Соны қалдырса, зерттеу орталықтарында жайлап бастаңдарсайшы, настойки, экстракты, порошки жасау қолымыздан келеді, жасауға болады.
Бүгінде өңір шаруаларына ақбөкендерден келген шығын 8 миллиард теңгеге жуықтапты. Киіктен зардап шеккен қожалықтарды тексерген комиссия дерегі осындай. Бірақ бұл қаржының қашан төленері белгісіз. Биыл облыстағы ақбөкендердің саны 2,6 миллионнан асады деген болжам бар. Шаруалар мен шенеуніктер бас қосқан жиында бұл жануарлардың саны қашан һәм қалай реттелері де нақты шешілмеді. Дегенмен ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері қыркүйек айының соңында мәселе шешімін табады деп сендірді.
Ербол ТАСЖҮРЕКОВ, ҚР АШМ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:
Бүгінгі күні мал шаруашылығы институтымен бірге әзірлеп жатырмыз. Методологиясы қалай әзірленеді? Содан бастап, бюджеттің қаражатын қарастырып және келтірілген залалдың бәрін актілейтін боламыз.