Биыл аграрлық салаға ауа райы мен келеңсіз табиғи факторлар айтарлықтай залал келтірді. Шегірткенің шабуылы, ақбөкендердің егіс алқаптарын таптап тастауы, қуаңшылық шаруаларды әбігерге салды. Ал күзгі астық жинау кезіндегі толассыз жауын жығылғанның үстіне жұдырық болды. Өткен жылы бұл уақытта егін алқабының жартысынан көбі қамбаға толса, биыл тек 40 проценті жиналған.
Серік ЕГІЗБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:
Осы факторлардың барлығы мал өсірумен айналысып отырған шаруашылығымыздың алдағы қыстауына және көктемгі егістік науқанына әсер ететіні сөзсіз. Қалыптасқан жағдайға орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Үкіметке астық өндірумен айналысатын фермер және шаруа қожалықтарына қаржылау және өзге де көмек көрсету жөнінде тапсырма берді.
Жауаптылар қолайсыздықтың алдын алып, шаруаларды жан-жақты қолдадық деп отыр. Ауыл шаруашылығы вице-министрінің айтуынша, арзан бағада дизель отыны беріліп, шаруаларды қаржылай қолдау үшін 140 миллиард теңге бөлінген. Алайда, қолайсыз ауа райының кесірінен жаңа түсімнің сапасы нашарлап, өнімнің жартысынан көбі өніп, не шіріп кетті дейді.
Әбілхайыр ТАМАБЕК, ҚР АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:
Бүгінгі таңда Республика бойынша барлық дәнді және дәнді - бұршақты дақылдар 6,9 млн гектарда немесе жалпы алаңның 40 пайызында жиналды. Орташа өнімділік гектарына 9,5 центнер болғанда 6,6 тонна астық бастырылды.