«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы Ақтөбеге жетті. Еліміздің 17 облысына барып, 121 елдімекенді аралауды көздеген пойыз бүгін Мәртөк ауданында аялдады. Жергілікті тұрғындар екі күн бойы дәрігерлерге қаралып, білікті мамандардан медициналық көмек ала алады.
Алматылық, астаналық дәрігерлер қабылдау жүргізеді дегенді естіп, мамандардан кеңес алуға келгендер көп. Шалғай ауылдан жеткендер де бар.
Гүлмира ҚҰЛТЕРЕЕВА, ТҰРҒЫН:
Аяқ тізе, көз , құлақ бәрі ауырады. Асқазан, бауыр да ауырады. Өт жоқ. Аяғымды айттым, белімді айттым. Узиге барасыз деді. Анализ тапсырасыз деді. Үміт артып келіп тұрмын.
Гүлжихан ҚОЖАХМЕТОВА, ТҰРҒЫН:
Докторға қаралып шықтым. Окулистке. Үш айға дәрі жазып берді. Доктарға қаралып жүрміз ғой Мартөкте, Ақтөбеде . Енді катаракта басталып келе жатыр дейді.Сол болдырмау үшін капля жазып берді.
Мұнда жұрт қан тапсырып, узиге түсіп, терапев, кардиолог, гинеколог, невротолог секілді дәрігерлердің көмегіне жүгіне алады.Сондай-ақ, үйде төсек тартып жатқан науқастарға да мамандар үйіне барып ем жасайды.
Айнұр ЕГІНБАЕВА, «САЛАМАТТЫ ҚАЗАҚСТАН» МЕДИЦИНАЛЫҚ ПОЙЫЗЫНЫҢ БАС ДӘРІГЕРІ:
Біз страховкасы бар ма жоқ па оған қарамаймыз. Қандай адам келеді. Барлығын қабылдаймыз. Басқа жақтан қонаққа келіп жатқан жағдайда да бізге келіп көріне алады. Сұрақтар болады. Біз бұл ауылдың тұрғыны емеспін көріне аламын ба? деген. Кез-келген азамат біздің пойыздан медициналық көмек ала алады.
Биылдан бастап заңгер, медиаторлардың да қызметі қосылған. Пойыз 26 сәуір күні Алматы қаласынан шыққан. Енді Ақтөбеден кейін Батыс Қазақстан облысына аттанады. Осы уақытқа дейін елу мыңға жуық адам қаралып, медициналық көмек алған.