$498.34 €519.72 ₽4.85
×

“Креативті дамытуды тек пайда үшін ғана қарастырмауымыз керек”, - А. Балаева

06.10.2023ж. 20:00
1302
“Креативті дамытуды тек пайда үшін ғана қарастырмауымыз керек”, - А. Балаева

Креативті индустрия ел дамуына оң ықпалын тигізеді. Оның экономикаға қосатын үлесі 2025 жылға дейін 5 процентке жетеді. Бұл туралы мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева айтты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында осы саланы дамытуды тапсырды. Содан бері министрлік жүйелі жұмыстарды бастап кеткен. Алдағы уақытта 30 мыңнан аса жаңа жұмыс орнын құру жоспарланып отыр - деді министр. Осы арқылы экспортты екі жүз миллион долларға өсіруге ниетті.

Үкімет 2021-2025 жылдарға арналған тұжырымдаманы бекітті. Оған қатысты қызметтің 43 түрін белгіледі. Нәтижесінде ел бойынша 95 мың адам жұмыспен қамтылып, 32 мың кәсіпкердің жұмысы жанданды.

Аида БАЛАЕВА, ҚР МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ АҚПАРАТ МИНИСТРІ:

Сарапшылар және индустрия өкілдерімен бірге авторлық құқық пен зияткерлік меншікті қорғау жөніндегі бірқатар новеллаларды, креативті индустрия өкілдерін қолдау шаралары мен преференцияларды, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың қосымша құзыреттер беруді көздейтін креативті индустрия мәселелері жөніндегі заңнаманы өзгерту тәсілдері талқыланып жатыр.

Креативті индустрия бойынша білім беру, сәулет және қала құрылысы, ІТ салаларында 5 жоба қаржыландырылды. 70 миллион теңгеден астам жеке инвестиция тартылды. Саланың пайдасын осыдан-ақ аңғаруға болады. Бірақ министр креативті дамытуды тек пайда көзі ретінде қарастыруға болмайды - дейді. Бұл бағыттың адамға тигізер әсері де көл-көсір. Нақтырақ, азаматтардың әл-ауқатын арттырып, өмір сүру сапасы мен өзіне деген сенімділікті қалыптастыруға мүмкіндік беретінін айтады.

Аида БАЛАЕВА, ҚР МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ АҚПАРАТ МИНИСТРІ:

Мемлекет басшысы осы саланы ауқымды дамыту үшін барлық жағдай жасалу қажеттігін айтты. Ол өз Жолдауында шығармашылық индустрияны қолдау бойынша жеке шаралар кешенін әзірлеу, оның ішінде әрбір облыс орталығы мен ірі қалада шығармашылық индустрия орталықтарын қалыптастыру, қатысушыларға өз өнімдерін коммерцияландыру мәселелері бойынша көмек көрсету жөнінде нақты міндет қойды.

Бұдан бөлек, министр масс-медиа туралы жаңа заң жобасына тоқталды. Негізі бізде 1999 жылы қабылданған «БАҚ туралы» заң бар. Бірақ одан бері ақпараттық сала толығымен өзгерді, заңға ондаған түзету енгізілді. Сөйтіп жаңа заң жобасын әзірлеу мәселесі туындады.

Аида БАЛАЕВА, ҚР МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ АҚПАРАТ МИНИСТРІ:

Бұл, ең алдымен, журналистердің мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылын жеңілдету үшін жасалады. Біз ақпараттық технологиялар ғасырында өмір сүріп жатырмыз және оларды журналистердің игілігі үшін пайдалану қисынды. Сондай-ақ, ведомствоаралық комиссия сатысында алынып тасталған ескіру туралы норма мемлекеттік органдармен бірлесе отырып заң жобасына қайта енгізілді. Ескіру мерзімін үш жыл қылу туралы айтылып отыр.

«Масс-медиа туралы» заң жобасы аясында мемлекеттік тілде телерадиоарналардың хабар тарату көлемін 50 проценттен 70 пайызға дейін ұлғайту ұсынылады. 25 жылдың ішінде мемлекеттік тіл мен отандық контентке деген сұраныс артқан.