Небәрі үш айдың ішінде Айбек Қайбулланың орындауындағы "Менің досым" әні әлеуметтік желіде хитке айналды. Қазір бұл ән кез келген тойда бірнеше рет шырқалады. Әнші хиттен соң өмірі қалай өзгергенін KAZ.NUR.KZ тілшісіне берген сұхбатында айтып берді.
Сұхбаттың басын өзіңізден бастасақ. Қай жерде туып-өстіңіз? Үлкен сахнаға келгеніңізге көп болды ма? Арнайы музыкалық біліміңіз бар ма?
Мен Қызылорда облысы, Қазалы ауданы Бекарыстан би ауылының баласымын. Ән айтуға қызығушылық былдырлап тілім шыға бастаған сәтте, 4-5 жасымда басталған. "Әнші балапан" сынды байқаулардан жүлделі орындар алып жүрдім. Содан бері әнмен ұйықтап, әнмен оянып жүрміз. Арнайы музыкалық білімім бар. Актерлық өнер мамандығын бітіргенмін. Одан соң Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын тәмамдадым.
Бағыңызды ашқан туындыға дейін репертуарыңызда қанша ән болды?
Бұған дейін он жеті ән жазылды. Ал хитке айналған "Менің досым" он сегізінші әнім болды. Қазір, Аллаға шүкір, осы әнім халыққа ұнап, кеңінен таралып жатыр. Осы уақытқа дейін өнерге деген үлкен құштарлықпен жұмыс істеп келдік. Хит шыққан соң әнге деген құмарлық одан да артып кетті. Тағы да керемет әндер жазып жатырмыз. Жақын арада кезек-кезек тыңдарманға ұсынатын боламыз.
Хит туынды өміріңізді қалай өзгертті? Тойға тапсырыс көп пе?
«Менің досым» өмірімді 180 градусқа өзгертіп жіберді. Бұған дейін музыкалық мектептерде де сабақ беріп, 3-4 жұмысты қатар алып жүрдім. Ән шыққалы тойға тапсырыс бірден көбейді. Жұрт қуаныштарға шақырып, әнімді 3-4 рет қатарынан орындатады. Бұрынғыдай бірнеше жерде жұмыс жасайтын уақытым жоқ және табысым да артып жатыр.
Шын достарыңыз көп пе? Дос сатқындығын көрдіңіз бе?
Шын достар өзі көп болмайды ғой. Жаны ашып, мен үшін бар малын бере салатын, қиын күнде жанымнан табылатын 5-6 досым бар. Дос сатқындығын көрсетпесін. "Досқа достық - қарыз іс" дейді ғой Абай атамыз. Біреуге сатқындық жасасаң Құдай алдыңнан келтіреді дейді. Досқа сатқындық жасаудан аулақ жүреміз. Алла сақтасын! Сол үшін, "жанымызға сатқын достар жоламасын" деген тілегім бар.
Әніңіз хит болғаннан кейін достарыңызда өзгеріс байқалды ма?
Жаңа достар тапқан шығарсыз… Өзгеретін достарды "дос" деп санауға келмейтін шығар. Ән шыққанға дейін қиындықта да, жақсылықта да қасымда бірге болған достарыммен шүйіркелесіп, сырласқанды жаным сүйеді. Қай шыңға шықсам да, сол достарыма қарай табан тіреп тұрамын. Жаңа достардан бұрын, жаңа таныстар тауып жатырмыз. Олармен шын дос болып кетуім менің қолымда емес. Қазақ айтады ғой "досты құдай қосады" деп. Мен дос пен таныстың ара-жігін білетін жанмын.
Жақында қырғыз ағайындар әніңізді тәржімалап алыпты. Қалай қабылдадыңыз?
Егер әндерді автордың рұқсатымен алып орындаса, онда ешқандай қарсылығым жоқ. Менің әнімді қырғыз бауырлар орындаған екен. Бірақ алдын ала бірауыз ескертіп, алдымнан өтпеді. Бастапқыда "бұл далада жатқан ән емес, жүрегімізді жарып шыққан туынды ғой" деп ренжігеніміз рас. Сотқа беру туралы да ой болды. Кейін сабырға келдік. Жалпы қырғыз әріптестерім "кавер ретінде орындап сіздің атыңызды біздің елде танытайық" деген ұсыныспен хабарласса қуанар едім. Уақыт бөліп, сұрағымызға жауап бергеніңізге алғыс айтамыз! Өнеріңіз өрге жүзсін!