Талдықорғанда гаражда тұрған көліктің ішінен екі қыз бен жігіттің денесі табылды. Қазіргі таңда оқиғаның мән-жайы анықталуда, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ
Жетісу облыстық ПД-ға сілтеме жасап. Жетісу облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, бұл факті жазатайым оқиға ретінде тіркелген.
"Алдын ала болжам бойынша көліктің ішінде болған жастар (жігіт пен қыз) көмірқышқыл газынан улану салдарынан көз жұмған. Қалалық полиция қызметкерлері оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр. Сараптамалық зерттеудің қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданады", - делінген облыстық полиция департаментінің хабарламасында.
Құтқарушылардың айтуынша, көліктің ішінен табылған азаматтар мынадай жағдайда иіс газынан улануы мүмкін: ұзақ уақыт жабық көлікжайда (гараж) және қозғалтқышы жұмыс істеп тұрған автокөлікте болған кезде; үйде, ақауы бар пешті пайдаланғанда; өрт шыққан кезде түтінді бөлмелерде, көлік вагондарында, лифтілерде және т.б жерлерде қалып қойғанда. Улы газбен улану кезіндегі алғашқы көмек: Зардап шеккен адамға противогаз кигізіп, таза ауаға шығару керек; Мүмкін болса, оттегін беру керек; Қажет болса, жасанды тыныс беру қажет; Денені қатты ысқылау керек; Жылыту жастықшасын аяғыңызға қою қажет; Жәбірленушіге ыстық шай берген жөн; Өрт болған жағдайда азаматтар "101" және "112" телефондарына қоңырау шалуға тиіс.