Спорт Қазақстан
$442.05 €474.14 ₽4.74
×

Енді медициналық сақтандыруы жоқ адамдарға көлік жүргізуге тыйым салынуы мүмкін

09.10.2023ж. 20:00
569
Енді медициналық сақтандыруы жоқ адамдарға көлік жүргізуге тыйым салынуы мүмкін

Енді медициналық сақтандыруы жоқ адамдарға көлік жүргізуге тыйым салынуы мүмкін. Бұл туралы денсаулық сақтау министр Ажар Ғиният айтты. Оның сөзінше, бұл жүйедегі қаржы шығындарымен тікелей байланысты. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры алдағы уақытта өз міндеттемелерін толық орындай алмауы мүмкін. Осыған байланысты сақтандыруы жоқ адамдарға қатысты шектеулер енгізу керек деген ұсыныс айтты.

Медициналық сақтандыру жүйесіндегі жүйесіздікке айтылар сын да, тағылар мін де көп. Үкімет бұл модельді енгізерде медициналық қызмет көрсету жеңілдеп, әрбір азамат қалаған жерінде ем алуына мүмкіндік алады деген еді. Алайда іс жүзінде бұл қағидат орындалмады дейді депутат Дания Еспанова. Ол керісінше жұрттың шағымы көбейгенін айтады.

Дания ЕСПАНОВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Бұл ретте адамдар емханаларда ұзын-сонар кезек бар екенін үнемі айтып жүр. Ал нақты дәрігер маманға жазылу үшін бірнеше апта, тіпті айлап күту керек. Кейбір жағдайда дәрігерге уақытында жете алмай, ақылы қызметке жүгініп, артық шығынға тап болады. Осының салдарынан тұрғындар «сақтандыру жарнасын не үшін төлейміз? Оның қандай артықшылығы бар?» деген сұрақтарды жаудырып жатыр.

Елімізде күні бүгінге дейін 3,3 млн адам медициналық сақтандырудан тыс қалған. Бұл әлеуметтік әділетсіздік деді депутат Ерлан Саиров.

Ерлан САИРОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Бұл адамдардың басым көпшілігі ауылдарда тұрады. Осы адамдар скрининг, медициналық тексерумен қамтылмай отыр. Яғни жыл сайын елімізде әлеуметтік әділетсіздік асып бара жатыр

Денсаулық сақтау министрінің айтуынша, тиісті заң 5 жыл бұрын енгізілген кезде, әр азамат міндетті әлеуметтік жүйеге кіруі тиіс еді. Бұдан бөлек ол 1,5 млн адамның табысы тым аз екенін және олардың басым бөлігі ауылдарда тұратынын айтты. Сондықтан бұл азаматтарды бюджет есебінен қаржыландыруды ұсынды. Бірақ оған қыруар қаржы қажет.

Ажар ҒИНИЯТ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:

Жүйенің ұзақмерзімді қаржылық орнықтылығын қамтамасыз ету үшін келесі қажет шарттарды ескеру қажет. Біріншіден, 2025 жылдан бастап әр азамат міндетті салықтық декларациясын тапсырады. Сол арқылы сақтандырылмаған азаматтардың табысы белгілі болады және шамамен 700 мың адамды МӘМС жүйесіне енгізу ескерілген.

Ал депутат Асхат Аймағамбетов, жүйедегі қаржы тапшылығы нақты зерттеудің жоқтығынан деді. Сондықтан қаржы қарастыру кезінде әділетсіздік көп екенін айтты.

Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Бізде салалық республикалық əдістемелік орталық бар. Сонымен қатар, медициналық университеттер де бар. Олар бір адамды емдеу үшін қанша қаражат керек екені туралы арнайы нормативтерді, қанша төсек-орын, жалпы бір адамға шаққандағы тұтыну нормасын дайындап шығаруы керек деп есептейміз.

Депутат Жұлдыз Сүлейменова жүйеде ашықтық маңызды деді. Ол үшін ең алдымен арнайы тетіктерді қарастыру керек.

Жұлдыз СҮЛЕЙМЕНОВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Ең үлкен мәселе- біздің ойымызша қаржының ішкі ағындарын,тұрақты көрсету. Екінші мәселе - Е-денсаулық платформасын тез арада іске қосу. Сол арқылы барлық азаматтар өзінің қорындағы қанша қаражаты бар. Ол қаражаты қанша жұмсалды және алдағы уақытта қаражатты жұмсауға мүмкіндігі бар екенін жедел негізде көре алатындай қолжетімді платформа болуы қажет.

Енді міндетті медициналық сақтандыруы жоқтарға шектеу қойылуы мүмкін. Мәселен, көлік жүргізу, қару-жарақ сақтау және басқа да бағыттарды қарастырған жөн деді министр.

Ажар ҒИНИЯТ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:

Бұл ереже тек халықты сақтандырылғандар қатарына тарту және медициналық көмек алу үшін ғана қарастырылады. Бұл - Батыстың кең тараған тәжірибесі, басқа құқықтар адамға медициналық сақтандырудан кейін ғана беріледі.

Сонымен қатар мемлекет пен жұмыс берушілердің жарналарының мөлшерлемелерін кезең-кезеңімен көтеру жоспарда бар. Бұл ұсыныстар қолдау тапса, 2026 жылға қарай халықтың кемінде 95 пайызы міндетті әлеуметтік сақтандырумен қамтамасыз етілмек.