$506.21 €568.42 ₽6.3
×

Парақор шенеуніктердің кесірінен үйін рәсімдей алмағандар...

AstanaTV
19.11.2016ж. 20:00
2069
Парақор шенеуніктердің кесірінен үйін рәсімдей алмағандар...

12 адамнан тұратын Ахметқали отбасы 2015 жылы Астана маңындағы Қосшы елді мекенінен 10 сотық жерді 10 мың долларға сатып алып, одан бар жиған-тергендерін салып, үй тұрғызады. Алайда қасынан электр линиясы өтсе де, баспанасында тоқ жоқ, Тіркеу болмағасын, дәрігерге қарала да алмайды. Себебі алған жерлері заңсыз болып шыққандардың бірі. Үй арестте тұр.

Астана маңында шенеуніктер заңсыз сатқан 300-ге жуық жер телімі бар екені қарашаның басында Бас прокуратураның алқа мәжілісінде айтылды. Сонда сенатор Қ.Айтаханов келтірген дерекке қарағанда, еліміз бойынша жер учаскесін алуға 1 миллион 400 мың адам кезекте тұр. Ол: «прокуратураның жазалау және жауапкершікті күшейту жоспарынан нәтиже шықпайды, иә, жер басып алумен күресу керек. Бірақ оны болдырмау үшін кезектің әділ жүретініне, үш-төрт жылда жерін алып, үй сала алатынына жұрттың көзін жеткізу керек», - деді.

Айбек Қосан, тілші:

Ежелден қазақта бар «жер дауы мен жесір дауынан» бүгінгі бейбіт заманда да арыла қоймадық. Керісінше, жыл өткен сайын қазығын тапқан аттай айналып келіп көтере береміз, осы тақырыпты.  Әр тоқталған сайын халықтың  көңілі қалып, үміті үзілгенін байқайсың. Бірі мемлекеттен тегін жер сұрағаны үшін айыпты, енді бірінің тай-тұяғына дейін сатып, алған тілімдей жері заңсыз болып шыға келеді. Даудың басы қайда жатыр? 

Бас прокуратураның  алқа мәжілісінде Бас прокурор Астана маңындағы жер учаскелерін заңсыз сатқаны анықталып, ұсталған шенеуніктердің аты-жөнін сот шешімін күтпей-ақ жариялауды бұйырған еді. Өйткені мемлекеттік қызметкерлер қолдан құжат жасап, 500 отбасын алдап соқты,- деді Жақып Асанов. Алаяқтық әрекеттер көбіне Елордаға жақын Қосшы ауылында жүргізілген. Халық айта-айта теріс айналуға шақ қалғанда ғана бұл фактілер көзге көрінген. "Қызық".

Андрей Кравченко, ҚР Бас прокурорының орынбасары:

Астана маңында әкімдік, халыққа қызмет көрсету орталықтары және әділет басқармасындағы мемлекеттік қызметкерлер жер телімдерін беру туралы құжаттарды қолдан жасап, жер сатып келді. Ондай 370 жер телімі анықталды. Қылмыскерлер олардың жартысын сатып үлгерген. Сөйтіп жарты миллиард теңгеден астам пайда тапқан.

Сенатор Қуаныш Айтахановтың айтуынша Жер реформасы бойынша комиссияға 13000-ға жуық өтініш келіп түскен екен. Оның 75 пайызы жер беруді сұраған. Және бір жағаны ұстататын жайт соңғы 10 жылда кезекте тұрған азаматтардың саны 14 есеге өсіп, 1,4 миллионға жеткені. Апталдай азаматтар өз алдына шаңырақ көтерейін десе, қолы байлаулы. Жекеменшік үй құрылысын салу жөнінде жеке заң қабылдайтын кез жетті,- дейді депутат.

Қуаныш Айтаханов, ҚР Парламент Сенатының депутаты:

Кейбір азаматтар біреулердің 2-3 қабатты үй салып жатқанын көреді. Екінші біреулер 1 гектардан, 2 гектардан қоршап алып үлкен үй салып алған. Оны көреді.  Ал бұл 10 соток жерге зәру. 10 соток жерді ала алмай жатыр. Содан кейін ашуланып, халық арасында наразылық туып, жаңағыдай жағдайға барып жатқан себебі сол. Кезек жылжып отырса заңды түрде мысалы. 1-2 жылда менің де кезегім келеді деп сенетін болсам, мен ешқандай біреудің жерін барып тартып алуға бармаймын. Ақшамды, құрылыс материалдарын жинаймын. Үйдің кезегін, жер алуға мысалы, ашық түрде жүргізілуі керек, тегін жер беруді заңда қарастырылған. Осы мәселені біз шешуіміз керек.

Бас прокурор 500 отбасы алданған деген дәлелді айтты. Оларды бала-шағасымен қоса есептегенде саны 2000-нан асып кетпесе кем түспейді. Жапа шеккендердің жайын білмек болып Қосшыға бардық. Мұндағы біраз ағайын сан соғып қалған. Өздері арыз жазайын десе біресе сөзің қате, енді бірде өзің "қате" деп қабылдамай қойған соң ағымдағы жылы бір тобы заңгердің көмегіне жүгінген. Білікті маман біраз шаруаны тындырған көрінеді. -Әкімшілікпен мәмілеге келсек те, прокуратураның позициясы түсініксіз,- дейді Анар Құсайынова.

Анар Құсайынова, заңгер:

Прокуратура органдары мемлекеттің мүддесін қорғай отырып, сатып алушылардың да Қазақстан Республикасының азаматтары екенін ұмытады. Тек мемлекеттің ғана емес,  қарапайым халықтың да құқығын қорғауы керек. Маған сенім білдірушілердің құқығы әлі де бұзылып келе жатыр. Бұрынғы лауазымды қызметкерлерге байланысты қылмыстық іс жүріп жатқандықтан, Бас прокуратураның хатына негізделе отырып жерлерге бұғаттау қойылған. Осыған байланысты менің қорғалушыларым несие төлеп, пәтер жалдап тұруға мәжбүр. Себебі, өз аумақтарында құрылыс жасауға да құжат ала алмай отыр.

-Үш отбасы бірігіп жер алғанда бір жасап қалып едік, қуанышымыз ұзаққа созымады,- дейді Алмас Әмірбеков. Тергеу жүріп жатқанда әй-шәй жоқ, тез жет, қол қой!-деп бұйырып сөйлеген шенділердің "елге қызмет-абыройлы міндет" деп айтуы жасандылық екеніне көзі жеткен. -Бәрін қойшы, осы күнге дейін кеткен уақыт пен шығынды кімнен сұраймыз,- дейді ол.

Алмас Әмірбеков,  Ақмола облысының тұрғыны:

Мүмкін ана жоғарыдағы кісілерге біздің мәселеміз ұсақ-түйек болып көрінетін шығар, бірақ бұл ұсақ-түйек емес. Мысалы таудың басынан бір уыс қар лақтырсаң, аяғына жеткенде көшкін болып кетеді. Құжаттарыңыз бәрі дұрыс. Заңды түрде алынған. Оны мойындаймыз. Қолымыздан келгенше көмектесеміз дейді. Бірақ ол көмек, Кулагин деген кісі келіп айтқан 2 айдың ішінде шешіледі деді. 2 айдың ішінде шешілген түгі жоқ. 4 айдың басы болып барады. Мүмкін әлгі үкімет органдарының белгілі бір анық стратегиясы жоқ шығар, осы мәселені біз былай шешеміз деген.

-Балалардың болашағы деп бас қаланың маңына келіп едік. Соңы не болары белгісіз,- деп бастады, Тоқан ақсақал әңгімесін. Бәйбішесі екеуін қосқанда мына үйде 12 жан тұрады. Күндіз  жарықтың жоқтығы білінбейді. Қас қарая генераторды қосуға мәжбүр.Үйдің қасынан тоқ өтіп жатқанымен оның қызметін қолдануға құқы жоқ. Себебі, сатып алған жері болса да, құжатының мәселесі шешілмеген. 

Тоқан Ахметқали, Ақмола облысының тұрғыны:

Осы жерді алғаннан кейін құрылыс салатын ақша керек болды. Аз ғана өсірген малымыздың сомасы жетпейтін болғаннан кейін баспанамызға дейін сатып осы жаққа қарай көші-қонды түзедік. Сөйтіп жүргенімізде 1-2 ай ішінде сотқа шақырылдық. Ойбай сендер заңсыз жерде отырсыңдар деген соттың түсініктемелерін қолға береді. Ой бұл қалай болады? Біз заңсыз жерде отырғанымыз жоқ. Гос актіміз бар. Барлық мемлекеттік тіркеуде тұрмыз. Бұл қалай десек, мынаны алаяқтар заңсыз орналастыра береді, бұл секілді қолдан келіп тұр дейді. Сонда мемлекет қайда қарап жатыр?

Жалпы бұл Қосшы ауылына қарасты Тайтөбенің үйлерінің қайсысы заңды, қайсысы заңсыз салынғанын лотерея ойнату арқылы анықтағанға ұқсайды. Әйтпесе басқаша ұғу мүмкін емес. Қарапайым ғана мысал. Мына екі үйдің арасы ары кетсе 40-50 метр. Арғысы дұрыс, бергісі бұрыс екен. Тұрғындардан сұрасақ, күлді де қойды. Қайтсін енді.

Айбек Қосан, тілші:

Әлем бойынша жер көлемі жағынан 9 орындамыз. Мақтауы мен мадақтауы мол жиындарда кей ел ағалары, Алтай мен Атыраудың арасы, кең байтақ қазақтың жері деп еске салып қоятыны тағы бар. Бабалары білектің күшімен қалдырып кеткен жерден балалары үлес ала алмай жүр. Жүйелі жұмыс жүргізілсе, жұрттың өкпелейтін жөні жоқ. Қалай болғанда да, Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагиннің көмектесеміз деген уәдесі бар. Қосшы тұрғындарының үміті ақталса жақсы болар еді.

Айбек Қосан, Олег Федоров «Біздің Уақыт».