Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Еліміздің бірқатар қалаларында «Эйр Астана» рейстері ұшпай қалды

AstanaTV
21.11.2016ж. 20:00
2579
Еліміздің бірқатар қалаларында  «Эйр Астана» рейстері ұшпай қалды

Кешелі бері еліміздің бірқатар аймақтарында «Эйр Астана» компаниясының рейстері ұшқан жоқ. Атырау және Орал қалаларының 20-ға тарта рейсі ауа-райының қолайсыздығына байланысты әуеге көтерілмеді. Алматы, Астана, Ақтау және Амстердамнан кері ұшып келуі тиіс ұшақтар да қабылданған жоқ. Нәтижесінде жүздеген жолаушы жолдан қалды. Ал әуе компаниясы өкілдері бүгін-ертең ауа-райының қалыпты жағдайға түспейтінін айтып отыр.

Базаргүл Нәдірқызы, тілші:

Атыраудан ұшуы тиіс 11 рейстің жолаушылары діттеген жеріне жете алмады. «Эйр Астана» компаниясының кассасы алдында кешелі бері қарбалас. Жолаушылар билеттерін әлсін-әлсін кейінгі рейске ауыстырғанымен, ұшақтың әуеге қашан көтерілетінін біле алмай әлек. Кейбірі өзге әуе компанияларымен ұшып кетіп жатыр, бірақ оларда да билет тапшы көрінеді. Жолаушылар арасында Атырауда өткен республикалық айтысқа келген ақындар  да бар.

Негізі түнгі 11.45-те ұшуымыз керек еді, қазір қонақ үй, басқараларын қамтамасыз етіп, күтеміз деп отыр ғой, ұшқанша. Кешкісін болмайды, бүгін болмайды.  Ертеңдері болып қалар.

Салтанат Жетібаева:

Ешқандай ақпарат бермейді, тек «ауа-райының қолайсыздығына байланысты кейінге қалдырылып отыр» дейді. Кеше түнде келіп, күндізгіге ауыстырдым, бүгін күндіз ұшпайтын болған соң, тағы келіп, кешкіге алмастырдым. Бізді автоматты түрде келесі рейске ауыстырмайды. Міндетті түрде келіп, ұзын-сонар кезекке тұру керек.

Кешіккен жолаушыларға жеңіл-желпі шай мен тіскебасар беріліп жатыр. Сондай-ақ кейбірі қонақ үйге  орналастырылған. Жолаушылардың билеттерін тапсырып, немесе өзге күнге алмастыруына болатыны жайлы да ескертілді.

Зарина Әубекерова,  «Эйр Астана» компаниясы Атырау өкілдігінің ауысым басшысы:

Атмосфералық қысымның белгіленген нормадан асып  кетуі себепті «Эйр астана»компаниясының Атырауға келетін және Атыраудан ұшатын рейстері 20 қарашадан бастап кейінге қалдырылды. Жолаушылар билетті қайтадан брондап  немесе  билетті толық бағасымен тапсыра алады. Сондай-ақ уақыты мен ішкі рейс бағытын да өзгерте алады. Әуе кемелерінің қашан ұшатыны белгісіз, бұл енді табиғат қой.

Батыс Қазақстанда да осыған ұқсас жағдай. Компания өкілдерінің айтуынша, Оралдан Алматы және Астана бағыттарына ұшатын және кері қайтатын рейстер тоқтап тұр.

Тілек Әбдірахымов, «Эйр Астана» компаниясы БАҚ-пен байланыс жөніндегі менеджері:

Ұшақтардың приборлары бұл атмосфераға жарамайды, шектеулері бар да приборлардың. Мың қырық жетіден аса алмайды біздікілер. Қазір атырауда 1060 паскаль, Болжам әзірше нашар, яғни бүгін жоғары атмосфералық қысым өзгереді деген ешқандай болжам жоқ, төмендейді деген. Сондықтан ертеңге дейін күтеміз.  Жалпы саны кеше де 9 рейс, бүгін де тоғыз рейс орындалмайды.

Базаргүл Нәдірқызы, тілші:

Орал мен Атыраудағы ауа райының қолайсыздығына байланысты Астанадан да бұл бағыттарға ұшу және ұшып келуге шектеу қойылған. Компания өкілдерінің мәліметінше, 100-ге тарта жолаушы елордадағы қонақ үйлерге орналастырылды. Ауа райы қалпына келісімен, ауылдарына аттандырамыз,- деп отыр.