Спорт Қазақстан
$443.44 €480.51 ₽4.88
×

Мұрағатта елдің дамуы жолында қабылданған маңызды шешімдер, жарлықтар, барлығы 170 мыңнан аса құжат сақталған

Мұрағатта елдің дамуы жолында қабылданған маңызды шешімдер, жарлықтар, барлығы 170 мыңнан аса құжат сақталған

 Ұлт үшін маңызды ұлттық мерекеге былтырдан бастап ерекше мәртебе берілді. 25 қазан, бұл еліміз үшін жай ғана айтулы дата емес. Еңсені тіктеп, өз алдына мемлекет болып қалыптасуына жасалған алғашқы қадам. Содан бері Қазақстан талай өткелдерден өтті. Әрбір қала мен ауыл халқына да оңай жылдар болған жоқ. Экономикасы тұралап, экологиялық апат аймағы болып саналған Қызылорда облысында егемендіктің алғашқы жылдарында қандай өзгерістер болды? Елдің дамуы жолында қандай маңызды құжаттарға қол қойылды? Толығырақ келесі бейнематериалда.

Қорғанбек Қайруллаев алғаш тәуелсіздік алған тұста ұлттық рәміздеріміздің қабылдануына куә болдым дейді. Салтанатты жиынға қызылордалық делегациямен бірге Алматы қаласына аттанған. Алғаш әнұранымыз шырқалған тұста көзіне жас алмаған жан қалмады деп еске алады. Ал 1994 жылдан бастап Қызылорда облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарған. Егемендік Декларациясы негізінде елде өзгерістер басталды дейді.

Қорғанбек ҚАЙРУЛЛАЕВ, ҚР ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ:

Жоғарыдан жарлық келді. Барлық ауылшаруашылығын тіреп тұрған, ауылдың халқын ұстап тұрған бұрынғы колхоз, совхоздар еді ғой. Оның бәрін тарат деген жарлық келді. Амал жоқ, кәдімгі, жүрегіміз қанжылап тұрып таратуға мәжбүр болдық. Егін еккен шаруашылықтар өйтіп-бүйтіп күн көрді. Ал малмен айналысқан шаруашылықтар алаңсыз отырып қалды.

Бұл қиындықты да ел еңсерді. 1995 жылы облысты басқарған Бердібек Сапарбаев Үкімет басшысына аймақтың әлеуметтік-экономикалық ахуалын жақсарту мақсатында «Экономикалық аймақ» деп жариялау туралы мәселе көтерді. Соның негізінде мұнай-газ саласы бойынша инвесторлар тартыла бастаған. Астық өнімдерін инвестициялау да қолға алынған. Түрлі басқармалар құрылып жұмыстар жүйелене бастады. Бүгінде мұрағатта сақталған әрбір құжат осындай тарихи сәттерден сыр шертеді.

Дана ҚАЛТАЕВА, "ОБЛЫСТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК АРХИВІ" КММ ҚОҒАМДЫҚ ТАРИХИ-САЯСИ АРХИВІ ФИЛИАЛЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

Облысымыздың әлеуметтік-экономикалық маңызын көтерген құжаттар бар. Олардың ішінде атап өтетін болсақ, біздің кейбір қала көшелерін қазақша транскрипциясымен белгілеу туралы шешімдер. Одан соң Арал экономикалық мәселесіне қатысты халықты әлеуметтік қолдау жағынан қабылданған алғашқы шешімдер.

Мұрағатта елдің дамуы жолында қабылданған маңызды шешімдер, жарлықтар, барлығы 170 мыңнан аса құжат сақталған. Мұндағы бір жапырақ қағаздың өзі біздің ел болып қалыптасуымыздың жолындағы баспалдақ тәрізді.