Қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы отбасы және балалары жайлы айтып, қымбат брендтегі киім кию жайлы Tengri Sport сұрақтарына жауап берді, деп жазды massaget.kz.
- Сіз қымбат бренд үлгісіндегі киімдерді жиі киесіз, мысалы, Versace. Олармен қандай да бір келісімшартыңыз бар ма? Қанша қаржы жұмсайсыз?
– Шынын айтсам, маған қымбат бренд үлгісіндегі киім кию ұнамайды. Тіпті, қызық емес. Мен қымбат киімді бір-ақ мақсатта киемін.
Мен Сіздер үшін Жәнібекпін, ал америкалықтар үшін мен Қазақстан азаматымын әрі осы елдің айнасы іспеттімін. Сондықтан да қазақ баласы қымбат киініп, жұрт назарын аударта алатынын аңғартқым келеді. ESPN арнасы арқылы 90 миллион көрерменге қазақ атын танытып, жарқылдағым келеді. Әлеуметтік желілерде миллиондаған адам фото мен видеоларды бөліседі. Онда шашым ұйпа-тұйпа, киімім арзан болып тұрғым келмейді. Мен үшін өзгелердің біздің ұлтты сыйлауы, құрметтеуі – басты мақсатым", - дейді боксшы.
- Спортшылардың көбі модель аруларға үйленіп жатады, болмаса әйелі мен отбасын құпия ұстайды. Сіздің екінші жартыңыз бар ма?
– Мен жеке өмірімді жасырмаймын. Құдай бере салған сүйікті жарым мен 4 балам бар, - деді Әлімханұлы.
Айта кетейік, Жәнібек Әлімханұлы жуырда ғана неміс боксшысы Винченцо Гуальтериді жеңіп, орта салмақта WBO және IBF чемпиондық белбеулерін иеленген еді.