Елімізде медицина қызметкерлері жетіспейді. 8 мыңнан астам кадр тапшы. Бұл сандар жыл сайын азайудың орнына, артып барады. Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, соңғы жылдары Мемлекет басшысының тапсырмасымен денсаулық сақтау саласына қомақты қаражат бөлініп жатыр. Дәрігерлердің жалақысы жыл сайын 20-30 пайызға артып отыр. Бұл медицина қызметкерлерін әлеуметтік қорғауда өте үлкен маңызға ие дейді. Бірақ бұл әлі де жеткіліксіз. Кадрларды сақтап, оларға жағдай жасау үшін нақты шаралар қабылдау керек. Сенат төрағасы депутаттар қажетті заң жобаларына өзгерістер енгізуге дайын екенін айтты.
Мәулен ӘШІМБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Медицина мамандығына кадр тарту үшін қосымша қандай іс-әрекет жасауға болады. Қандай заңға өзгеріс енгізіп, қандай норма қабылдауға болады деген мәселелерді қарау керек. Себебі медицина кадрларының жетіспеушілігі өте өзекті проблема. Соңғы жылдары қарқынды өсу болған жоқ. Қазір нақты шешім қабылдауды қажет ететін жағдай туындап отыр. Оларды әзірлеп, Үкіметпен бірлесіп жүзеге асырамыз.
Сонымен қатар МӘМС жүйесінде тіркелмегендерге медициналық қызмет алуда шектеулер болуы мүмкін. Атап айтсақ, міндетті сақтандыру жарналарын төлемегендер дәрігерге жазылуға, белгілі бір медициналық анықтамаларды ала алмайды. Бұл мәселе әлі көпшілікпен талқыланады деді Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі.
Тимур СҰЛТАНҒАЗИЕВ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:
Түрлі медициналық қызметтер бар, оның ішінде дәрігерге жазылу, белгілі бір медициналық анықталамаларды алуға шектеулер болуы мүмкін. Жалпы, осы салада бірқатар анықталамалар беріледі. Талқылау нәтижесі бойынша олар жайында қосымша хабарлап айтамыз.