$498.34 €519.72 ₽4.85
×

«Қазақстан мен Түрікменстан арасында ешқандай түйткіл жоқ», - Президент

03.11.2023ж. 20:00
879
«Қазақстан мен Түрікменстан арасында ешқандай түйткіл жоқ», - Президент

Мемлекет басшысы Түрікменстан Халк Маслахатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедовпен кездесті. Президент бұл жүздесу бауырлас екі ел арасындағы серіктестікті нығайтатынын айтты. Тараптар энергетика, өнеркәсіп пен көлік және логистика саласындағы жобалардың жүзеге асырылу барысын талқылады.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Сіз Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы ынтымақтастықтың дамуына зор үлес қостыңыз. Сондықтан Сіздің осы жиынға келуіңіздің және бүгінгі кездесуіміздің саяси мәні зор деп санаймын. Екі елдің ынтымақтастығын одан әрі нығайту тұрғысынан пысықтайтын ортақ істеріміз бар. Біз – бауырлас әрі көршілес елдерміз. Қазақстан мен Түрікменстан арасында ешқандай түйткіл жоқ. Екі ел бір-біріне қашанда тілеулес.

Гурбангулы Бердімұхамедов Түркі мемлекеттері ұйымының мерейтойлық саммитіне қатысуға шақырғаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты. Екі елдің ынтымақтастығын жоғары бағалады.

Гурбангулы БЕРДІМҰХАМЕДОВ, ТҮРІКМЕНСТАН ХАЛК МАСЛАХАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Біз осы жылдар ішінде сыртқы саясат, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарымыз бойынша құқықтық база қалыптастырдық. Сыртқы саяси мәселеде Сізге алғысымыз шексіз. Сіз біздің бейтарап ұстанымымызды әрдайым қолдап келесіз. Бұдан бөлек Біріккен Ұлттар Ұйымы құрылымында басшылық қызмет істей жүріп, біздің сыртқы саяси бағдарымыз үшін көп жұмыс атқардыңыз. Сол үшін Сізге алғысымыз шексіз.