Спорт Қазақстан
$441.66 €475.14 ₽4.86
×

"Түркі халықтарының ықпалдастығын арттыра түсу - бәрімізге ортақ міндет", - Президент

03.11.2023ж. 20:00
594
"Түркі халықтарының ықпалдастығын арттыра түсу - бәрімізге ортақ міндет", - Президент

«Түркі әлемі» атты жаңа брендті дәріптеуіміз керек. Бұл туралы Түркі мемлекеттері ұйымының Х саммитінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты. Бауырлас елдердің басшылары бас қалаға келді. Түркі әлеміне ортақ тақырыптарды талқылады. Оннан астам құжатқа қол қойылды. Ұйымның беделін салмақтай түсетін бастамаларды Сүндет Оралбек айтады.

Сүндет ОРАЛБЕК, ТІЛШІ:

Бауырлас елдердің бірлігі бекем. Түбі бір түркі елдері құрған ұйым төрткүл дүниеге танымал, беделі биік. Жаһанға ортақ құндылықты көрсетіп, насихатталуда. Алдағы жоспарды айқындап, түркі әлемінің келешегі - 2040 атты құжат бекітілді.

Байкалдан Балқанға дейінгі ұлан-ғайыр атырапты түркі жұрты мекен етеді. Ал Түркі әлемінің өркениеті қазақ жерінен бастау алады. Осы ортақ құндылықтардың мұрагері – Түркі мемлекеттері ұйымы. Негізгі мақсаты сенім мен бауырластыққа негізделген бірлікті нығайтып, өскелең ұрпаққа аманаттау, деген Мемлекет басшысы жаңа бренд қалыптастыру керектігіне тоқталды.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Қазақстан Түркі мемлекеттері ұйымын одан әрі дамытуға мүдделі. Түркі ықпалдастығын тереңдету — ортақ мұрат. Біз „Түркі әлемі“ атты жаңа брендті дәріптеуіміз керек. Сонда ғана түркі халықтарының ынтымағы барынша нығайып, әлеуеті арта түседі

Саммитте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 8 мәселеге басымдық берді. Түркі халықтарының дәстүрін, ортақ тарихымыз бен мәдениетімізді, тіліміз бен ділімізді дәріптеу маңызды екенін атады. Түркі мемлекеттері ұйымының, оның құрылымдарының туларын және эмблемаларын бір үлгіге келтіру қажет деді. Ұсынылған эскиздерді бірге қарады. Сондай-ақ, ортақ тарихты зерттеуді ұсынды.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Тарихтан сыр шертетін ортақ мұрағатты зерттеп, ұрпаққа ақиқатты жеткізу – біздің парызымыз. Құзырлы органдарымызға беймәлім деректерді бірлесіп зерделеуді тапсыруды ұсынамыз. Бұл, шын мәнінде, маңызды жұмыс болмақ, себебі ортақ тарихымызда әлі де толық зерттелмеген ақтаңдақтар бар.

Түркі халықтарына терминологияны жүйелеген жөн. Бұл әр елдің ішкі тауарларын ортақ нарыққа шығаруға бастама болады. Қазірдің өзінде ұйымға мүше елдер арасында сауда-саттық айналымы 22 млрд доллардан асқан. Егер талаптар бекітілсе бұл көрсеткіш 1 жарым есеге артады. Жасанды интелект, цифрлық және аэроғарыш өнеркәсібін дамытуға ерекше назар аударған жөн. Сондай-ақ ұйымға мүше елдер арасында сауда-саттықты нығайтудың маңызы зор. Осы мақсатта экономикаға қаржы құюға баса мән берген жөн. Бұл істе Түркі инвестициялық қоры ерекше рөл атқарады.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Тұрақты экономикалық байланыстарды нығайту үшін жасыл қаржы нарығын дамыту қажет. Қазақстан «Түркі жасыл қаржы кеңесін» құруды ұсынғанын білесіздер. Осы ұсынысты жүзеге асыру үшін ауқымды жұмыс жүргізілді.

Мемлекет басшысы Палестина халқына 1 миллион доллар көлемінде гуманитарлық көмек беру туралы шешім қабылдағанын жеткізді. Жылдар бойы шешімін таппаған күрмеулі мәселені зорлық зомбылық көрсетіп, лаңкестік әрекеттер арқылы шешу мүлдем дұрыс емес деді.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бүгінде Газа секторындағы бейбіт тұрғындар, әсіресе балалар мен қарттар қақтығыстың құрбанына айналуда, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету басты міндет. Осыған байланысты Палестина халқына 1 миллион доллар көлемінде гуманитарлық көмек көрсету туралы шешім қабылдадым.

Энергия қорын үнемдеу – барлық мемлекет үшін маңызды міндеттердің бірі. Еліміз жаңа қуат көздерін дамытуға, оны тасымалдау жолын әртараптандыруға баса мән береді. Мемлекет басшысы түркі елдерін «жасыл энергетика» саласында бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Қазақстан климаттың өзгеруіне және тұрақты даму қағидаттарына аса мән береді. 2026 жылы Қазақстанның бастамасымен климат мәселесіне байланысты аймақтық саммит өткізу жоспарланып отыр.

Мемлекет басшысы білім мен ғылым саласында ынтымақтастықты нығайту аса маңызды екенін айтты. Осы мақсатта Түркі елдерінде әлемнің озық университеттерінің филиалдарын ашуды ұсынды. Ал Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған ортақ әліпби мәселесін көтерді.

Режеп Тайып ЕРДОҒАН, ТҮРКИЯ ПРЕЗИДЕНТІ:

«Әрине, біздің бірлігіміз үшін тіл мен ортақ әліпби өте маңызды. Бұл жерде президенттердің қолдауы да өте маңызды. Осы бағытта біздің Жоғары білім кеңесі арнайы ұсыныстарын ұйым хатшылығына айтты. Ол ұсыныстар жоғары бағаланады деп үміттенеміз.

Өзбекстан президенті Шавкат Мерзиеев Ташкентте Түркі даму банкін ашуды ұсынды. Сол арқылы, түркі мемлекеттерінің бірлігін нығайтып, жаһандық қиындықтарды еңсере аламыз. Сонымен қатар, өзбек басшысы Орта Азия арқылы өтетін көлік транзитін дамыту керектігін айтты.

Шавкат МИРЗИЕЕВ, ӨЗБЕКСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Біз Қытай, Оңтүстік Азия, Еуропа арқылы өтетін дәліздерді дамытуды, көлік-логистика байланыстарын цифрландыруды қолдаймыз. Біз осы кезекте теміржол басқармаларының кеңесін құруды ұсынамын. Аталған құрылымның директоратын Өзбекстанда құруды ұсынамын.

10-шы саммит аясында 12 құжатқа қол қойылды. Барлығы да достық ынтымақтастықты дамытуға және ұйымның беделін күшейтуге үлес қосады. Келесі жиын 2024 жылы Қырғызстанда өтеді.