Спорт Қазақстан
$443.44 €480.51 ₽4.88
×

Судья «Алтын орда» базарының экс-басшысы Эрмек Марқабаевты үйқамаққа жіберу туралы өтінішті қанағаттандырмады

06.11.2023ж. 20:00
914
Судья «Алтын орда» базарының экс-басшысы Эрмек Марқабаевты үйқамаққа жіберу туралы өтінішті қанағаттандырмады

Алматы облысында атышулы «Алтын Орда» базарының экс-басшысы Эрмек Марқабаевқа қатысты сот процесі жүріп жатыр. Айыпталушының қорғаушылары бір ауыздан оны 5 айдан бері қамауда заңсыз ұстап отырғанын айтады. Сот отырысына онлайн қатысқан Эрмек Марқабаев та өз кінәсін мойындамай отыр. Жақындары мен әріптестері не дейді? Айыпталушы жақын арада кепілмен босатылып, үй қамаққа жіберілуі мүмкін бе? Әріптесіміз Мөлдір Жақан айтады.

Эрмек Марқабаев маусым айында “Алматы - Бішкек” тас жолында есірткімен ұсталып, оған қатысты ҚК-тің 296 бабы бойынша іс қозғалды. Бірақ айыпталушының қорғаушылары бұл істе заңға қайшылықтар көп екенін, тергеу амалдарына көңілдері толмайтынын жеткізді. Мәселен, сот – наркологиялық сараптама тағайындау қаулысы заңға сәйкес күдікті ұсталған соң алғашқы 3 күнде емес, 11 аптадан кейін ғана шыққан. Сондай-ақ, Марқабаевты ұстау барысында қалтасына қасақана есірткіні салған сәтті көрген куәгерлерден сотқа дейінгі тергеу барысында жауап алынбағаны жөнінде айтылды.

Динара ЖҰБАТОВА, Э. МАРҚАБАЕВТЫҢ ҚОРҒАУШЫСЫ:

Эрмек Марқабаевты тергеу органдарынан жасырынуы мүмкін деген күдікпен тергеу изоляторында ұстап отыр. Қылмыстық қудалау органдарынан жасырыну әрекетіне өз иелігіндегі мүлікті сату фактісі, өзге елге жол жүру құжаттарын алу, тұрғылықты жер бойынша тіркеуден шығу, өзге елде т.б. кіреді. Тергеу органдары сот алдында мұндай дәлелдерді келтірмеді. Сондықтан бұл санкция заңсыз.

Сонымен қатар қорғаушы Динара Жұбатова Марқабаевты қамауда ұстау санкциясының мерзімі 3 -ші қазанда өтіп кеткенін айтады. «Оны ұзарту немесе жаңа бұлтартпау шарасы туралы сот, прокуратура немесе сотқа дейінгі тергеу органы бөлек өтінішпен шыққан жоқ»,- дейді. Дегенмен түрін көрсетуге тыйым салған прокурор процесс барысында айыпталушыны кепілмен босатуға немесе үйқамаққа жіберуге негіз жоқ екенін жеткізді.

ҚАРАСАЙ АУДАНДЫҚ ПРОКУРАТУРАСЫНЫҢ ПРОКУРОРЫ:

Қамауға алу туралы бұлтартпау шарасын сот бекіткен болатын. Қазіргі таңда оны өзгертуге негіз жоқ. Ал айыпталушының денсаулығындағы ақауларға келер болсақ, ол қамауда отырған мекемеде арнайы медициналық қызметкерлер бар. Айыпталушымен психолог жұмыс істеп жатыр.

Дегенмен Эрмек Марқабаевтың жұбайы, қоғамдық қорғаушысы мұнымен келіспейді. Сөзінше, денсаулығы күн сайын нашарлап барады. Айта кету керек, Эрмек Марқабаевтың 4 баласы бар. Оның үшеуі кәмелетке толмаған.

Роза КАРИМОВА, Э. МАРҚАБАЕВТЫҢ ЖҰБАЙЫ, ҚОҒАМДЫҚ ҚОРҒАУШЫСЫ:

Айыпталушыға күнде барамын. Оның эмоционалды күйі өте нашар. Денсаулығы да сыр беріп жатыр. Тергеу изоляторында тиісті күтім көрсетуге мүмкіндік жоқ екені белгілі. Біздің 4 баламыз да Алматы қаласында дүниеге келді. Сондықтан жұбайымның мемлекеттен қашатын ойы жоқ. Біз тек оның жағдайын ойлап алаңдаймыз.

Сот отырысына Эрмек Марқабаевтың жақындарынан бөлек «Алтын орда» базарында жұмыс істейтін әріптестері де қолдау көрсетуге келді. Олар бұл істің әділ шешімін тапқанын қалайды.

Бақытгүл ӘБІКЕНОВА, ӘРІПТЕСІ:

Біз Эрмек Марқабаевпен 1997 жылдан бастап жұмыс істеп келе жатырмыз. 20 жылдан аса танимыз. Заңсыз ұсталды. Оған сенеміз. Ол өте жақсы адам. Наркотический веществомен ұсталғанға ешкім сенген жоқ.

Дегенмен Қарасай аудандық сотының судьясы қорғаушылардың Марқабаевты үйқамаққа жіберу туралы өтінішін әзірге қанағаттандырмады. Келесі сот отырысы 14-ші қарашаға белгіленді.