Спорт Қазақстан
$443.35 €475.54 ₽4.82
×

Қазақстанда үлескерлерге кепілдік беру жұмысы басталды

AstanaTV
29.11.2016ж. 20:00
1974
Қазақстанда үлескерлерге кепілдік беру жұмысы басталды

Астана соты «Азбука жилья» құрылыс компаниясы үлескерлерінің ақшасын жымқырған 10 адамға үкім кесті. Оларды 8 жылға дейінгі мерзімге бас бостандықтарынан айырды. Барлығы да сот залында қамауға алынды. Ал компанияның тәркіленген мүлкінен үлескерлер шығыны қайтарылып, аяқсыз қалған үйлердің құрылысы жалғасатын болды. Негізгі фигурант Ерқанат Тайжановқа қатысты бөлек қылмыстық іс қозғалған. Бұған дейін Бас прокуратура мәлімдегендей, Тайжанов 3 мыңға жуық үлескердің 40 млрд теңгеге жуық қаржысын қалтасына басқан.

Ботагөз Баянова, Астана қалалық сотының ақпаратпен қамтамасыз ету бөлімінің басшысы:

Барлығы да ҚК 189-бабының 4-бөлігі, сеніп тапсырылған мүлікті аса ірі көлемде иемдену немесе талан-таражға салу бойынша айыпты деп танылды. Зардап шегушілердің азаматтық талап-арызы бойынша сот үкімін орындау мақсатында сотталушылар мен «Азбука жилья» компаниялар тобының барлық мүлкіне салынған тыйымдар алынды. Сот шешімімен сотталушылар мен «Азбука жилья» компаниялар тобының мүлкі зардап шегушілерге келтірілген зақымды өтеуге және 9 тұрғын үй кешендерінің құрылысын аяқтауға жұмсалады.

Бұдан былай «Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры» құрылысты аяқтап, үлескерлерге беру міндеттемелерін өз мойнына алады. Ол кезде құрылысшыларға қойылатын талап та күшеймек.

Дәурен Оңаев, «Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры» АҚ төрағасы:

Құрылыс салушы алдымен барлық талаптарға сай болуы керек. Тұрғын үй құрылысына үлескерлердің ақшасын тарту үшін, Астана және Алматы қалаларында кемінде 3 жыл жалпы ауданы 18 мың шаршы метр немесе басқа өңірлерде 9 мың шаршы метр сатылған тұрғын үй тәжірибесіне ие болуы тиіс. Бұдан басқа құрылыс салушының соңғы 2 жылда шығынсыз қызметі болуы тиіс.

«Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» заң биыл 10 қазаннан бастап қолданысқа енгізілді. Бірақ, бүгінге дейін кепілдік қорына тек бір ғана компания өтініш білдірген. Егер кепілдік алған компания құрылысты уақытында аяқтамаса, 3 айдан 3 рет, яғни 9 айға дейін кешіктіруге рұқсат етіледі. Бірақ бұл кезде үлескерлерге өтемақы беру көзделмеген, дейді қор өкілдері.