Спорт Қазақстан
$443.44 €480.51 ₽4.88
×

Биыл Астанада көше жарықтары мен аялдамаларды қиратқан 120 вандалға айыппұл салынған

13.11.2023ж. 20:00
559
Биыл Астанада көше жарықтары мен аялдамаларды қиратқан 120 вандалға айыппұл салынған

Жыл басынан бері Астана көшелеріндегі жарықтар мен аялдамаларды қиратқан 120 вандалға айыппұл салынған. Жалпы 1 мың 200 ұсақ құқық бұзушылық тіркелген. Шаһар көркін қорғауға арналған кезекті рейд барысында бір бұзақы ұсталды. Оның әрекетін досы ұялы телефонына түсіріп, әлеуметтік желіге жүктеген.

Ішімдіктің буымен батырсынған ер адам аялдаманың астан-кестеңін шығарды. Оның қоғамдық орындағы бұл қылығын досы әлеуметтік желіге жүктеп, көпшілікке мақтанған. Бірақ олардың қызықты сәттері көпке ұзаған жоқ. Құқық бұзушылар бұзақыларды тез арада тауып, жазаға тартты.

Ділшат ҚОЙШЫБАЕВ, САРЫАРҚА АУДАНДЫҚ ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСТЫҒЫ:

Соңғы 10 айда Астана бойынша 120 дерек тіркелген. Бұдан басқа, жыл басынан бері ұсақ бұзақылықтың 1200-ден астам фактісі анықталды. Көбінесе вандализм кездеседі. Рейдтер жұма және сенбі күндері әр апта сайын өткізіледі.

Кезекті рейд Агроқалашық аумағын қамтыды. Тұрғындардың айтуынша, мұнда 2 жыл ішінде 8 аялдама салынған. Бірақ, бұзақылар оны қиратып кеткен. Қала келбетін қорғауға арналған рейд құрамына қоғам қайраткерлері, Ауған соғысының ардагерлері, «Астана жастары» еріктілер тобы мүшелері мен спортшылар да тартылған. Олар құқық бұзушыларды анықтау бағытында және халыққа түсіндіру жұмысын жүргізуге жұмыла жұмыс істемек.

Айтым ЖАҚЫПОВ, СТРИТ-ВОРКАУТТАН ҚАЗАҚСТАН ҚҰРАМА КОМАНДАСЫНЫҢ БАС БАПКЕРІ:

Біз спортты қолдаушы ретінде мұндай жігіттерді спортты дамытуға шақырамыз, сондықтан олар энергиясын өзін-өзі дамытуға жұмсаса дейміз. Біз жастармен жаттығулардан басқа, тәрбие жайында да әңгімелер өткіземіз.

Бөтеннің мүлкі мен қоғамдық нысандарды бүлдіріп-қирату 200 АЕК дейін айыппұл салуға әкеп соғады. Вандализмнің куәсі болсаңыз, iKomek бірыңғай байланыс орталығына хабарласыңыз.