Спорт Қазақстан
$441.44 €473.09 ₽4.75
×

Пәтеріңізді қалай жылдам әрі қымбатырақ сатуға болады?

AstanaTV
15.11.2023ж. 18:38
753
Пәтеріңізді қалай жылдам әрі қымбатырақ сатуға болады?

Қазан айында пәтерлерге сұраныс төмендеп, тұрғын үй нарығы тұралай бастады.

Күз айлары тұрғын үй сату және сатып алу үшін ең ыңғайлы кезең саналады. Алайда көпшілік бұл ыңғайлы кезеңді өткізіп алады. Себебі пәтерді жылдам әрі тиімді бағаға сатудың бірнеше құпиясын ескере бермейді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Бұл ретте жылжымайтын мүлік саласы бойынша сарапшы Әсел Садиева сәтті сауданың негізгі ережелеріне тоқталды.

Айта кететіні, қазір қазақстандықтар пәтерді екі негізгі мақсатпен сатады. Оның бірі жылжымайтын мүлікті инвестициялық мақсатта алып, жөндеу жасап сату, сол арқылы пайда табу. Ал екіншісі кеңірек пәтерге көшу немесе өзге жағдайларға байланысты.

Үй сатудың құпиясы

Әсел Садиеваның айтуынша, тұрғын үйді жылдам сату үшін мына екі қадамды дұрыс жасау керек.

"Біріншісі, жылжымайтын мүлік сату сайтына хабарландыру бермес бұрын үйді реттеп, барынша әдемі, сапалы суретке түсіру. Себебі сатып алушы сол фотоға қарап, үйді бағалайды", – дейді сарапшы.

Ал екінші қадам – хабарландыру мәтінін дұрыс жазу керек.

"Хабарландыруды оқыған адам оның қайда орналасқанын, негізгі артықшылығын, дәл осы үйдің жанға жайлы, ерекше орынға айналатынын түсінуі керек. Сатып алушылар қоңырау шалмас бұрын оның суретіне қарап, хабарландыру мәтінін оқиды. Сол тұста оған мұның бәрі ұнаса ғана қоңырау шалып, үйді көруге келеді", – дейді маман.

Хоумстейджинг туралы білесіз бе?

Жылжымайтын мүлік саласы бойынша сарапшы пәтеріңізді жөндеу жұмыстарына қаражат салмай-ақ бірнеше миллион теңгеге қымбат сатудың жолы – хоумстейджинг екенін айтады.

"Хоумстейджинг – жылжымайтын мүлікті сатуға дейін дайындау, оны барынша тартымды етіп, үйлесімді дизайнын жасау әдісі", – дейді маман.

Пәтерді бұл әдіспен сату үшін әдетте толық жөндеу жасау қажет емес. Сатып алушының болашақ пәтеріне қызығушылығын ояту үшін барынша көз тартатындай жайлы жасасаңыз жеткілікті.

Мамандар қабырғаларды бояу, жиһазды тазалау және қайта қалпына келтіру арқылы барынша аз инвестиция салып, жақсы табыс болатынын айтады.

Флиппинг жасау немесе флиппер болу

Флиппинг – бұл жылжымайтын мүлікті сатып алып, жылдам жөндеу жасап, қысқа мерзімде табысты сату. Оның қысқаша формуласы: "төмен бағаға пәтер сатып алу – жөндеу жасау – қымбатырақ сату".

Әсел Садиеваның айтуынша, бұл тұста пәтерді қалаған бағаға әрі жылдам сатудың басты құпиясы – инвестициялық жылжымайтын мүлікті дұрыс таңдаудан басталады.

"Егер пәтер сатып алып, қайта сатумен айналыссаңыз бірінші кезекте нені білу керек? Бірінші, үйді сатып алатын құрылыс компаниясы мен оның нарықтағы беделіне назар аудару керек. Екінші, үйдің орналасқан жеріне назар аудару маңызды. Ол көлік қатынасы, дүкендер, банктер, базарлар, саябақтар, емханалар, ауруханалар, мектептер, балабақшалар, университеттер және сауда ойын-сауық орталықтарына жақын болуы қажет", – деп түсіндірді сарапшы.

Ал үшінші, пәтердің жобасына қарау керек. Онда терезелер саны мен су, кәріз жүйесі сынды коммуникация желілер дұрыс орналасуы, әрі ыңғайлы болуы шарт. Сонымен қатар бөлмелер бөлініп, алдын ала әрлеу жұмыстары жүргізілген болса, құрылыс-монтаждау жұмыстарына көп шығынданбайсыз.

Сарапшы пәтерді жылдам сату алгоритмін атады

"Пәтерді таңдау кезінде сіз оны қандай мақсатта сатып алатыныңызды бірден түсінуіңіз керек, осы жерден сіз пәтер таңдаудан, жөндеу жұмыстарын жүргізуден және одан әрі қайта сатудан бастап өз стратегияңызды құрасыз. Бұл ең алдымен, мақсатты аудиторияны анықтау және болашақ әлеуетті сатып алушы үшін толық стратегия әзірлеу қажет. Жеке тәжірибемнен пәтерді жылдам қайта сату алгоритмімен бөлісе аламын. Ол әуелі бәсекелестер арасындағы нарықтағы ең төмен баға белгілеуден басталады. Бірақ мұнымен қатар сапалы және заманауи дизайн жасау маңызды", – деді маман.

Осылайша, сарапшы жіпке тізген пәтерді жылдам сату алгоритмі: "Төмен баға – жоғары сапа – әдемі интерьер дизайнынан" тұрады.

"Қазіргі уақытта жылжымайтын мүлік нарығында 2023 жылдың көктемінен бастап тоқырау байқалды, бұл жылжымайтын мүлікке сұраныстың төмендеуімен емес, ипотекалық бағдарламалардың қысқаруымен байланысты", – дейді тұрғын үй саласы бойынша маман.

Алайда ол Алматы сияқты ірі мегаполистерде баспанаға сұраныс бар және бола беретінін жеткізді. Себебі тұрғын үй көпшілік үшін сенімді инвестициялық құрал.