71 жастағы Рич Мур 19 тамызда иті Финнимен бірге Колорадо штатындағы Пагоса-Спрингстегі үйінен шығып кеткен. Тәжірибелі саяхатшы теңіз деңгейінен 12 500 фут биікте орналасқан Блэкхед шыңына шығуды жоспарлаған. Аталмыш шыңға шығу үлкен күш-жігерді қажет етеді, деп хабарлайды Kazinform агенттігі All That’s Interesting сайтына сілтеме жасап.
Олар үйден кеткенде күн жылы, ауа райы ашық болды. Мур мен Финни кешке үйіне оралмағасын жақындары олардың жоғалып кеткенін хабарлаған.
Іздестіру шаралары жүргізілгенімен, құтқарушылар ит пен иесін таба алмаған.
Кейінірек Рич Мурдың тауда қайтыс болғаны хабарланды. 30 қазанда жергілікті аңшы өзен бассейнінің маңынан Рич Мурдың денесін тауып алған.
Адал ит иесінің денесін екі айдан астам уақыт бойы күзетіп тұрған.
Иесімен бірге тауға шығып әбден үйренген ит тышқан, ала тышқан сынды ұсақ аңдарды аулаған.
Арчулета округінің коронері Брэд Хант The Washington Post басылымына Рич Мурдың суық тиіп қайтыс болғанын айтты. Оның үстінде капюшоны бар мақта күрте ғана болған.
Таудағы температура тамыз айының өзінде қауіпті төмен деңгейге жетуі мүмкін.
«Пагоса-Спрингсте ауа райы жылы болғанымен, тауда айтарлықтай суық болды», - деді Хант.
Құтқарушылардың айтуынша, Рич Мур мен Финниді іздеу жұмыстары тамыз айында 2000 сағатқа созылған.
Ақырында іздеу жұмыстары тоқтады.
Мәйітті жергілікті аңшы қазан айында шыңнан шығысқа қарай екі мильден астам жерде, іздеу жүргізілген жерге қарама-қарсы бағыттан тауып алған.
Ер адамның неліктен бұл жолға түскені белгісіз.
Ханттың айтуынша, Рич Мур адасып, бағдарын жоғалтып алған сияқты.