Талдықорғанда полицияның жедел басқару орталығының бейнебақылау камералары жастардың бірнеше құқық бұзушылығын тіркеді, - деп хабарлайды Astana TV.
Бейнежазбадан автокөлік қозғалысы кезінде жолаушылардың бірінің терезеден денесін шығарып, қауіпсіздік талаптарын елемегенін көруге болады. Кейін көлік тоқтап, оның мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілері шешіліп алынып, жүргізуші нөмірсіз қозғалысын жалғастырған. Сонымен қатар 22 жастағы жолаушы қоғамдық орында табиғи қажеттілігін өтеп, ұсақ бұзақылық жасаған. Полиция қызметкерлері оқиғаға қатысушылардың барлығын анықтады. 19 жастағы жүргізуші анықталған құқық бұзушылықтары үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал 22 жастағы жолаушыға қатысты ұсақ бұзақылық фактісі бойынша материалдар сотқа жолданды. Жетісу облысының полициясы қоғамдық орындарда заң талаптарын сақтап қана қоймай, айналадағы адамдарға құрметпен қарауға шақырады. Қоғамдық тәртіпті бұзу фактілерін анықтау және олардың жолын кесу бағытындағы профилактикалық жұмыстар жалғасуда.