$487.37 €532.94 ₽5.09
×

Еліміздің 20 миллионыншы тұрғыны болған сәбилерге 2 млн теңгеден берілді

AstanaTV
16.11.2023ж. 20:00
1006
Еліміздің 20 миллионыншы тұрғыны болған сәбилерге 2 млн теңгеден берілді

Мерейлі 5 сәби Ұлытау, Жетісу, Атырау, Ақмола және Түркістан облыстарында туған. Үшеуі - ұл, екеуі - қыз. 14 қараша күні таңғы сағат 8-ден 10 минут кеткенде дүниеге келген. Туа салысымен жұлдызға айналған сәбилердің әрқайсысы 2 миллион теңге сыйлыққа ие болды. Олардың отбастарына ерекше құрмет көрсетіліп жатыр. Ана мен баланы облыс әкімдері құттықтап, сыйлық сертификатын табыстады.

Ұлытау облысы Жезқазған қаласының тұрғындары Сұңғат Сейітжан мен Әйгерім Молдашеваның тұңғышы -еліміздің 20 миллионыншы тұрғыны. Жас отбасы сәбиіне Томирис есімін берді. Нәрестенің ата-анасын облыс және қала әкімдері құттықтады. Сонымен бірге жас отбасыға «Қазақмыс» корпорациясы атынан 1 миллион теңге берді.

Сұңғат СЕЙІТЖАН, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Алланың арқасында ғой біріншіден, одан кейін дәрігерлерге рақмет. Менен қатты қуанып жатқан ата-анам ғой, бірінші немерелері. Қуанышымды айта алмаймын енді сөздің ашығы.

Әйгерім МОЛДАШЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Жолдасым екеуміз 20 жастамыз, жиырмасыншы региондамыз. Жалпы жиырмасыншы осы миллион тұрғынын өмірге алып келгенімізге өте қуаныштымыз.

Атыраулық Жұмағазиевтер отбасының тұңғышы да әулетке сүйіншілетіп келді. Сәбидің есімін ата-анасы азан шақырып Мухаммад деп қойды. Облыс әкімі Серік Шәпкенов қалалық перинаталдық орталығына барып, сәбидің туу туралы куәлігін ата-анасына табыс етті.

Шақалақтың бірі Түркістан облысы Жетісай ауданы Шәкеновтер отбасында дүниеге келген. 35 жастағы Гүлмира Ізтілеуова Асықата ауруханасында босанып, ұлына Әлімхан деп ат қойды. Сәби - бұл отбасының төртінші перзенті. Анасы Гүлмира мектеп мұғалімі, ал әкесі Ерғалидің әзірге тұрақты жұмысы жоқ. Сондықтан отбасы алдағы уақытта «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша шалғай елдімекендерге баруға ниетті.

Бүгін Жетісу облысының әкімі де ақжолтай жаңалыққа құтты болсын айтты. Өңір басшысы талдықорғандық кішкентай Айсұлтанның ата-анасын құттықтап, сый-сияпат көрсетті. 20 миллионыншы тұрғынның анасы Диана Әзімбаева мен әкесі Мұхтар Әзімбаевтың бұған дейін үш баласы бар. Елдің ыстық ықыласына бөленіп жатқан жанұя өз ризашылықтарын білдірді.

Мұхтар ӘЗІМБАЕВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Бізді өйстіп көп балалы ана 20-сыншы азамат ретінде қолдап, қуаттап отырған бүкіл қазақстандықтарға тілеп жатқан дұға-тілектеріне үлкен алғысымыз шексіз, рақмет, құттықтап, звандап и ерекше алғысымды білдіргім келеді Тоқаев Қасым-Жомарт Кемел Кемеловичқа өйтсіп көпбалалы аналарға демеу беріп, құттықтап, көп жағдайлар жасап жатқанына, сыйлықтарына үлкен-үлкен алғысым шексіз.

Ақмола облысының тұрғыны Айдар Исенов алғашқыда қызының 20 миллионыншы тұрғын екеніне сене қоймаған. Ресми хабарламадан кейін әкенің қуанышы еселеніп, сүйіншілеткенін айтады. Динара мен Айдардың отбасында дүниеге келген кішкентай Ясинаны құттықтауға барған облыс әкімі Марат Ахметжанов сәбидің есімі тарихта қалатынын айтты.

Марат АХМЕТЖАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Еліміздің 20 миллионыншы тұрғыны болып өмір есігін ашқан нәресте Ақмола облысының ерекше көрікті, киелі жері Бурабайда дүниеге келу біз үшін ерекше тарту. Әрине кең байтақ қазақ жерінің қай түкпірінде туса да, ол азаматшаның есімі тарихта қалары сөзсіз. Енді ең жас жерлесіміз, елімізге ерекше шаттық сыйлаған тұрғынымызға тек мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр, жарқын болашақ тілейміз.

Балаларға ерекше туу туралы куәлік берілді. Ал оларға берілген 2 миллион теңгені «Отбасы банкі» бөледі. Ата-аналар жергілікті банк филиалдарына барып, жеке куәлігі мен баланың туу туралы куәлігін көрсетуі керек.