Спорт Қазақстан
$448.89 €477.93 ₽4.76
×

Өзбекстандағы президент сайлауына орай штрихтар

AstanaTV
03.12.2016ж. 20:00
1919
Өзбекстандағы президент сайлауына орай штрихтар

Ертең Өзбекстанда президент сайлауы. Бірнеше кандидат бар. Америкадағыдай қай кандидаттың жеңетінін болжаудың қажеті жоқ. 

Досым Сәтпаев, саясаттанушы:

4-желтоқсандағы сайлау формальді сайлау. Либералдық демократиялық партия ұсынған Шавхат Мирзеевтің фаворит екенін бәрі түсінеді. Қалған кандидаттар массовка... Өзбекстанда әрі қарай не болады дегенге келсек, көпшілік тұрақтылық сақталады деп есептейді. Шавхат Мирзеев бірнеше бағдарлама ұсынып үлгерді. Экономикалық даму бойынша бизнесті қолдауға аса мән беру керектігін мәлімдеді. Инвестициялық ахуалды жақсарту туралы айтты. Осылар іске асса, қазақстандық бизнеске де пайдалы болар еді. Олардың нарығына шығуға мүмкіндік туады. Өзбекстанда 30 млн астам адам тұратынын ескерсек, үлкен нарық. Біздің кәсіпкерлер өзбек нарығына бұрыннан шыққысы келетін. Бірақ Ислам Каримов кезінде ол өте қиын болды.

-Шавхат Мирзеев көрші мемлекеттермен, оның ішінде Қырғыз Республикасы және Тәжікстанмен қатынастарын жақсарту бағытында жұмыс істейтін ыңғай танытты. Бұл Қазақстан үшін пайдалы. Себебі кезінде біздің еліміз Орталық Азияда аймақтық блок құрғысы келген. Мысалы, су проблемасын шешу үшін су-энергетикалық консорциумға бірігу сияқты. Ислам Каримов кезінде біріге қимылдау әрекеттерінен түк шықпады, - деді саясаттанушы.

Қорыта айтқанда Өзбекстанда саяси реформалар басталмайды, қатаң президенттік басқару сақталады. Ал экономика бойынша өзгерістер басталуы мүмкін. Егер солай болса, онсыз да кәсіпкерлікке жақын өзбек халқы көп пайдаға кенеледі. Тіпті олардың дамуы таңғалдыруы да мүмкін. 

Өзбекстанның бірінші ханымы болатын Зироатхон Хошимова туралы әрине, материал табу өте қиын. Кейбір порталдар оның Ферғанадағы белгілі отбасының қызы екенін жазады. Инженер-экономист мамандығы бойынша білім алған, қазір үй шаруасында.

dunyouzbeklari.com сайтында оны өз үйінде Ойхон деп атағанын, күйеуімен Ташкент ирригация және мелиорация институтында танысқаны баяндалған. Олардың үйленуіне Зироатхонның әкесі қарсы шыққан – Мухмуджон Хошимов аса ауқатты, ықпалды адам болған. Қоқандтағы Орта Азия темір жолында жұмысшыларды қамтамасыз ету бөлімін, оның ішінде вагон-ресторандарды басқарған. 

 Шавкат Мирзиёев пен Зироатхон Хошимованың Шахноза, Саида есімді қыздары, Даврон есімді ұлы бар. Шахнозасы Мәскеуде тұратын көрінеді.

 Енді бір деталь: Зироатхон ханымның туған әпкесі Сиёраның қызы Диера миллиардер Әлішер Усмановтың немере інісіне тұрмысқа шыққан. Күйеуі 2013 жылы автокөлік апатынан опат болған. Ал биыл британ таблоиды «Дейли мейл» Диера туралы материал басып, 5 мың фунт стерлинг тұратын балалар көйлегін сататынын жазды. Анасы жағынан көкесі - Шавхат туралы да әңгімелейді. Мақта жинау кезінде біреуді ұрып, қол көтеруге де барғанын...

Иә, Диераның Мәскеуде балалар киімін сататын дүкені бар. Ондағы бір көйлектің құны қарапайым 13 өзбекстандықтың  бір жылдық жалақасымен тең екенін әлгі таблоид есептеп қойыпты. Айтпақшы, көйлектердің дизайнері Диераның анасы Сиёра көрінеді. Диера мен Бабурдың қызы Мәриамның жасы 4-те. Көйлектері бір гардероб,- деп жазды, «Татлер» басылымы. Диера дүкенді алдымен Парижде ашпақшы болыпты, бірақ... «Парижде бір аптадан соң менде депрессия басталады, онда ішің пысады, ал Мәскеуде жақсы» деген. Мәскеуде оны  Әлішер Усмановтың жұбайы әйгілі Ирина Винер-Усманова қатты қолдайды екен. Диера «Татлерге» берген сұхбатында «Ақша тек комфорт ғана, саған бақыт сыйламайды. Бақыт – өз ішіңде» депті...