Спорт Қазақстан
$448.56 €478.03 ₽4.79
×

«Жетіскен қою сақал да шықпайды»...

AstanaTV
03.12.2016ж. 20:00
2554
«Жетіскен қою сақал да шықпайды»...

«Сыпайы сөйлейді. Амандасқанда іші-бауырыңа кіріп кетеді. Қымбат көлік мінетін салафиттерге қызығып кетем кейде. Біреуімен дос болып, балақты кесіп жіберейін десең күннің суығы мынау. Не, бір жетіскен қою сақал да шықпайды».

 «Дөп сөз» айдарының кейіпкері Алматы облысы, Самсы ауылының тұрғыны Бақтияр Айталы есімді азамат.

«Қараша, желтоқсан мен сол бір-екі ай, қыстың басы бірі ерте, біреуі жай» деген күнге жеттік. Алда үш ай қыс бар. Ал, біздің жазғыштар сөздің турасын айтудан «шаршайтын» емес. Қазір қадам бассаң «жұлдызға» кездесесің. Айналамыз түгел «жұлдызбын» дегендер мен жұлдыз болуға талпынып жүргендер. Жазары жоқ болғанымен, экранды өле сүйетіндер көп. Олардың қасында біздің жазғыштарымыз нағыз жұлдыз деген атқа лайық сияқты.

Бірде Есағам (Есенқұл Жақыпбеков) жас маманның газетке тәжірибеден өтуге келетінін айтты. «Бүгін жұмысқа Жүсіпбек Аймауытов деген жазушы келеді. Сол кісіден сұхбат ал» - деп әзілдепті. Сонда жаңағы болашақ журналист «Жарайды, аға. Нешеде келеді?» демесі бар ма?! Есағам біраз күлген. Қазір сол жігіт теледидардан түспейді. Ойсыз жұлдыздар шаршатты әбден.

Бақтияр Айталы дұрыс айтады. Шаршайсың кейде. Бақтияр Алматы облысы, Самсы ауылының тұрғыны. Аудандық газетте фотограф болып жұмыс істейді.

Бақтияр Айталы:

Такси болып та кетем. Ол да болса енді тіршілігімізге көмегін тигізіп жатады. Мына сойқан заманда солай әрқилы болмасаң да, жай өмір сүру қиын ғой.

Бізден жасы кіші ауылдағы інілерімізге жолығып қалып әңгімелессеңіз, жұмыс жайлы сұрағанда көбіне ортақ бір жауап бар. "Келесі жылы армияға барып келем де, оxранаға жұмысқа кірем. Раxат, бір күн істеп, екі күн демаласың" дейді. Әй, інілерім-ай, одан да биік мақсаттар бар ғой.


Бақтиярдың өзі кезінде атажұртқа мақсат қойып келген.
Ағайын, «кімсің» десең, оралманбыз. Көк туына тамызып көздің жасын, сағынышын сарыққан мол арманбыз. «Қазақстан, бір жаным садағаң» деп, жас отанға жармаса оралғанбыз» дейді ол.

 ...Әкім еңбекқор. Тұрғындардың қанын ішіп отырған – қасындағы жағымпаздар. Бір-екеуі пара аламыз деп, сотталып та кетті. Өткен жолы жандайшаптары ауылдың атын әкімнің құрметіне Дөненбай деп өзгертейік деген. Көрші ауылдарға күлкіге қалдық. Ауылда жол нашар, ауыз су болмай қалады, кейде жарық сөніп қалады. Алайда әкімнің айтуынша дамып жатырмыз. Бірақ, ол да қартайды ғой. 

Бақтияр ауыл жайлы көп жазады. Ол ауылдың тыныс-тіршілігін жанымен сүйеді. Тіпті, қалада тұру ойымда да жоқ,- дейді.

Бақтияр Айталы: Жазда жайлауға барғым келіп тұрады. Жайлау деген жақсы ғой. Құрт-май, ірімшік жейсің. Таза ауа. Қымыз ішесің. Асау үйретесің. Қалаға кетіп қалу, болашақ арманымда қалаға кетіп қалу деген менің жоспарыма кірген емес.

Таңертең сыртқа шықсам абыр-сабыр. Камаздар іркес-тіркес көшеге құм төгіп жатыр. Артынша құмды тегістеп асфальт төсеп барады. Қызу жұмыс. Мұртты кісіге бардым:

-Аға, 25 жыл арман болған жол еді. Рахмет сіздерге.
- Ауылдың бүкіл көшесіне төсеп болдық. Енді бір аптадан соң əр үйге ауыз су кіргізіп береміз.
-Мəссаған!
Əңгіме енді қыза бергенде әйелімнің «жұмыстан кешіктің» деген даусынан шошып ояндым.

 «Жол жаман болса, Атан да сүрінеді, атаң да сүрінеді» дегенді жақсы біледі Бақтияр. Қазір қаптатып жол полициясын да қойдық. Алайда олар да «ер азығы жолда» деп тұрғандар екенін ел біледі.

Ауыл маңында тұратын жол полиция қызметкері туысымыздай боп кетті. Кейде ереже бұзсаң тоқтатады. Жағдай сұрасып тараймыз. Кешкісін үйіне 10 жұмыртқа немесе 3-4 литр сүт апарып береміз. Біздің ауыл тамаша!..

Байқасаңыздар, біздің жазғыштар тақырып таңдамайды. Оларға саясат та, экономика да, тіл, жер, дін мәселелері де таңсық емес. Тіпті, кейбір «журналиспіз» деп жүргендер біле бермейтін ақпараттарды біліп, зерттеп отырады. Алайда бәрінің бір ортақ иедясы бар. Ауылдың жағдайын жақсарту. 

Дипломыңыз қатты маңызды емес. Ауыл мектебіне қазір өгіз, тана өтімді.

Дәл айтып дауды өлтіреді бұндай кісілер. Тіпті Астананың Астана болатынын да Асан қайғының аузымен жеткізе білген.

Желмаяға мініп, қазақ даласын аралап, шұрайлы жерлерге өзінің бағасын беріп жүрген Асан қайғы қазіргі Ақмола облысына келіп, үш күн қоныпты. Кетерінде: «Алланың нұры төгілген жер. Ел абыройын асқақтатар әдемі шаһар болады. Бірақ қысы қатты, жел азынап тұрады. Зәулім үйлер боранға төзімсіз келеді, үскірік аяздан көпірлер құлауы мүмкін. Қыс келсе қар күрелмей, жаңбырдан қаланы көл басып қалады екен» деген аңыз бар.

Бақтияр Айталы: Фейсбук Абылайханның кезінде болса үш жүздің басын қосуға кәдімгідей көмектесер ме еді деп ойлаймын. Кейде бір рухани дүниені оқып, жаның жай тауып рахаттып қаласың. Ал кейде бір айтуға болмайтын ақпарат таратып жатады. Жабырқап қаласың.

Көңіл-күй болмай, ойға батып қалатын кездер көп, қазір. «Жұма күні мешіттен шыққанда қысқа балақтыларды көріп, байқұстар-ай, киімге жарымапты ғой, бала кезіндегі сыймай қалған шалбарын әлі киіп жүр деп ойлайтынмын. Артынша бір-бір джипке отырып кеткенде аң-таң болдым» дейді Бақтияр Айталы.

Сыпайы сөйлейді. Амандасқанда іші-бауырыңа кіріп кетеді. Қымбат көлік мінетін салафиттерге қызығып кетем кейде. Біреуімен дос болып, балақты кесіп жіберейін десең күннің суығы мынау. Не, бір жетіскен қою сақал да шықпайды.

Ұшты-ұшты доллар ұшты деп те айттық. Теңгенің құны мен күні не болар екен енді? Біреулер несиеден көз ашпайтын, енді біреулер қолындағыны шашып-төгіп өмір сүретін заман болды.

Мына кредит деген тұқымың құрғыр бәле болды. Өткен жылы туысым көлік алам деп алған еді, екі жыл төледік, бітпейді. Әлі үш жыл төлейміз. Несібеден несиеміз өзған өмір-ай...

«Айлығыңның бəріне костюм ала бермей, бір жалақыңнан көлік алып берші менің бөлеме» – депті, бір депутаттың əйелі.

Желтоқсан. «Жел» және «тоқсан» деген сөздердің қосындысы, яғни үш ай желді, боранды болады деген ұғым. Ежелгі түріктер жел айы деп те атапты. Бұл айда күн барынша қысқарады, бұны күннің тоқырауы деп атайды. Құрметті біздің көрермендер, қалам ұстаған жазғыштар! Шығармашылықтарыңыз тоқырауға ұшырамасын. Жазып тұрыңыздар. Көп сөз ұтпайды, дөп сөз ұтады!