$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Маңғыстауда мыңнан аса адам қызылша жұқтырған

AstanaTV
19.11.2023ж. 13:04
830
Маңғыстауда мыңнан аса адам қызылша жұқтырған

Маңғыстау облысында биыл қызылша ауруына 2 мыңнан аса күдікті жағдай тіркелді. Оның ішінде 1096 жағдай дәлелденген.

Бұл туралы Маңғыстау облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Бердібек Саралтаев мәлім етті.

Қарашаның 16-сына дейін Ақтау қаласында - 444, Жаңаөзенде - 892, Түпқарағанда - 78, Маңғыстау ауданында - 67, Қарақия ауданында - 147, Мұнайлыда - 440, Бейнеуде 14 науқас тіркелген.

Жалпы облыс көлемінде қызылшаның 2082 күдікті жағдайының ошағында эпидемияға қарсы іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Нақтыланған 1096 жағдайдың жас бойынша талдауында 1 жасқа дейін 181 жағдай (16,5%), 1 - 14 жас - 726 (66,2%), 15-18 жас - 28 (2,5%), 19 жас және одан жоғары – 161(14,6%) жағдай тіркелді. Облыс көлемінде 1 жастағы балалардың егумен қамтылу деңгейі 85 %, ал 6 жастағы балаларда бұл көрсеткіш 87,7% құрады.

Қосымша жаппай иммундау бойынша облыста егілуге жоспарланған контингенттер саны – 55 029. Атап айтқанда 6 ай - 10 ай 29 күнге дейінгі балалар саны – 14 300. 2 жастан 4 жас 11 ай 29 күнге дейінгі балалар саны – 36 950, оның ішінде 2 жас – 4 869, 3 жас - 16 845, 4 жас - 15 236 бала. Ал 55 жасқа дейінгі медицина қызметкерлерінің саны – 3779,- деді Бердібек Саралтаев.

Сондай-ақ облыс көлеміндегі ауруханалардың жұқпалы бөлімдерінде 118 науқас бар, олардың 84-і бала, 34-і ересек, оның ішінде - 8 жүкті әйел жатқан.

- Қызылша ауруы өте жылдам, ауа тамшы жолымен таралатын парамиксовируспен шақырылатын, теріде бөртпелердің шығуымен сипатталатын жұқпалы ауру. Негізінен екпемен қамтылмаған немесе ағзада қажетті иммунитет қалыптаспағандарда ауру дамиды. Ауруға қарсы екпе алмаған жандар да бұл дерттің зардабын шегеді, негізі ми жасушаларының қабынуы - энцефалитпен асқынады. Ауырған адамның дене қызуы көтеріледі, әлсірейді, бас аурып, ұйқысы қашады, құрғақ жөтел басталып, 3-8 күнге дейін бөртпелер шыға бастайды. Бөртпелер қан тамырларының жарылуынан пайда болады. Бөртпелер дененің жоғарғы жағынан төмен қарай төгіліп шығады. Тұрғындарды екпе алуға және сақтық шараларын сақтауға шақырамын,- деді Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бибізада Дүйсенбаева.