Спорт Қазақстан
$442.05 €474.14 ₽4.74
×

Биыл 300 мыңнан астам адамға смс-хабарлама арқылы мемлекеттік қызмет көрсетілді

AstanaTV
20.11.2023ж. 20:00
463
Биыл 300 мыңнан астам адамға смс-хабарлама арқылы  мемлекеттік қызмет көрсетілді

Жыл басынан бері 300 мыңнан астам азаматқа смс-хабарлама арқылы мемлекеттік қызмет көрсетілді. Олар ешқандай инстанцияға өтініш жазбай-ақ, әлеуметтік төлемдерге ие болған. Бұл - Отбасының цифрлық картасы аясында қол жеткізілген нәтиже. 20 млн халықтың жеке мәліметтері қамтылған жоба жайлы толығырақ Айсәуле Съезбек тарқатады.

Фарида Аманғалиеваның тұңғышы осыдан жеті ай бұрын дүниеге келген. Жас ананы сәбилі болуымен алғаш құттықтағандардың бірі - 1414. Айтуынша, перзентханадан шықпастан, SMS-ке жауап беру арқылы туу туралы куәлікті де рәсімдеген.

Фарида АМАНҒАЛИЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Мен осы қосымшаны пайдалана отырып, баланың туу туралы куәлігіне өтініш берген болатынмын. Содан кейін баланы туғаннан кейін алатын жәрдемақыға өтініш бердім. Оңай әрі тез арада алған болатынмын. Қазір көптеген қызметтерді жасауда ешқандай жерге барып, уақыт құртып қажет емес.

Иә, бұрынғыдай құжат рәсімдеу үшін табан тоздырып, арыз жазудың қажеті жоқ. «Әлеуметтік кодекс» аясында 10 түрлі жәрдемақыны тағайындау автоматтандырылды. Тек келісімді растау үшін хабарламаға жауап берсе жеткілікті. Биыл осындай 774 мың хабарлама таратылған. Нәтижесінде, тиісті төлемдерге 303 мың азамат ие болған. Ал 142 мың адам басқа тәсілдер арқылы құжат өткізген.

Айдар ХАСЕНОВ, ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРЛІГІ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Алдағы уақытта отбасының цифрлық картасы арқылы көрсетілетін қызметтер тізбесі денсаулық сақтау және білім беру саласындағы қызметтермен кеңейтілетін болады. Олар қазіргі уақытта қарастырылып жатыр.

6 млн астам жанұяның дерекқоры әлеуметтік төлемге мұқтаждарды дер кезінде анықтайды. Жұмыссыз қалғандар да өтемақысын уақытылы алады. Мүгедек жандар мен асыраушысынан айырылғандар да 1414-тің пайдасын көріп отыр.